Ақтөбе облысының жаңалықтары

Субсидия беру артқан

2019-11-04 178

Бүгін жүзге жуық ақтөбелік фермер бейбіт митингке шықты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Ауыл шаруашылығы кәсібін қолға алған шаруалар қарызға батқан.

Солардың бірі құс шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер Мәлік Қазанов. Шараға қатысуға Мұғалжар ауданынан келген. Айтуынша, кәсібі қолдау таппай отыр.

«Үлкен адам болған соң бағуы жеңіл құспен айнылысуды жөн көрдім. Несиелендіру жұмыстары мамыр айында ашылады. Ол несиені бергенше күз болды. Бұл уақытта балапан, құс алатын жерлердің бәрі жабылады. Субсидия беріледі дегеннің бәрі өтірік әңгіме болып шықты. Қазір кемпірім екеуміздің зейнетақымыз алған несиені төлеуге жетпей отыр. Бала-шағада жұмыс жоқ. Осыны кімге барып айтамыз?»,-дейді кәсіпкер Мәлік Қазанов.

Кезектесіп сөз алған шаруалар 1 литр сүт бағасы зиянды сусыннан арзан екенін айтып налыды.

«Ауыл шаруашылығы ең қиын кәсіптің түріне айналды. Мен сүт бағытымен айналысып отырмын. Үкімет ауыл шаруашылығын қазір қолдамаса ертең-ақ құлдырауға кетеміз. Бізден сүтті төмен бағаға алады. Адамға пайдасы жоқ газды сусынның өзі 1 литр сүттен үш есе қымбат. Бізден 1 литр сүтті 90 теңгеге алып отыр», -дейді жанайқайын айтқан кәсіпкер.

Ал облыстық ауыл шаруашылығының мамандары субсидия беруді артырғандарын айтты.

«Облыс бойынша мал бағып жатқан азаматтарға үкіметтің қарастырған көмегі бар деп үгіт жүргіздік. Соның арқасында соңғы он жылда субсидия көлемі 20 есеге көтерілді. 2009 жылы облыс бойынша 250 млн теңге субсидияға бөлінетін еді. Қазір біз 5-6  млрд теңгеге жеттік. Біз фермерлер жағындамыз. Министрлік тарапына ұсынысымызды беріп отырмыз. Алдағы уақытта ереже өзгертіледі деп жоспарлануда»,-деді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Панабек Бимұратов.