Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мың көлік қар құрсауында: Ырғызға барар жол жабық

2019-11-04 71

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына барар жолды қар басып тастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Самара-Шымкент» тас жолының 1153-1240 шақырымы жабылған. Қарашада жауған қалың қар құтқару қызметін әбігерге салды. Жолда қалған 132 жолаушының 17-сі бала. Барлығы жылы орындарға жеткізіліп жатыр.

«Жолдағы жағдай өте қиын. Мыңға жуық машина жолда қалды. Сондықтан жолда қалған көліктердің санын толтырып, тәуекелге бармау керек.  Жолаушылардың барлығы кемпингтерге орналастырылды. Жолда қалған көліктер мен жолаушының саны сағат сайын өзгеріп жатыр. Қарабұтақ тұсында жолдың ашылуын күтіп 400-ге жуық автокөлік тұр. Қалыбай ауылында 50 автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Тағы 50-ге жуық көлік Қызылжар ауылының көпірінде тұр. Сонымен қатар, тағы 200-ге жуық машина Ырғыз-Шалқар және Қызылорда-Ақтөбе тас жолының бойында тұр»,- дейді облыстық ТЖД басшысының уақытша міндетін атқарушы Қайрат  Қасым.

Қазір Ырғызға барар жолда сегіз машина қар тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты «Самара-Шымкент» тас жолының Қарабұтақ, Қызылорда шекарасындағы бөлігі жабылды. Себебі жолдың көріну жағдайы төмендеп кетті. Қазір жол бойын қардан тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тазарту жұмыстары түңгі мезгілде де тоқтаған жоқ. Машиналардың ескертуге қарамастан жолға шығып кетуі қиындық туғызып тұр. Ауа райы тұрақты болса жол 4-5 сағатта ашылады»,-дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облысы филиалының бөлім басшысы Әкімжан Өтемұратов.