Ақтөбе облысының жаңалықтары

«Вечерний Ургантта» қонақта болған Димаш жүргізушіге шапан сыйлады

2019-11-01 193

«Вечерний Ургант» ресейлік бағдарламасында қонақта болған қазақстандық әнші Димаш Құдайберген кеш жүргізушісі, белгілі шоу-мен Иван Ургантқа шапан сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама Ресейдің «Бірінші арнасының» эфиріне Нұр-Сұлтан уақытымен бүгін, түнгі сағат 01.25-да шықты.

Д.Құдайбергеннен бөлек, кеш қонақтары РФ халық әртісі, композитор Игорь Крутой мен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Аделина Сотникова болды. Құдайберген мен Сотникова композитордың 65 жылдық мерейтойына арналған үлкен концерттердің қатысушылары.

Көрермендер студияда Димашты ду қол шапалақпен қарсы алып, оның есімін біраз уақыт дауыстап айтып, қызу қолдау білдірді. Осы уақытта жүргізуші Игорь Крутойдан: «Игорь Яковлевич, мерейтой сіздікі. Бірақ барлығы «Димаш!» деп айғайлап жатыр. Оны бүгін өзіңізбен бағдарламаға шақырғаныңызға өкінбейсіз бе?», - деп сұрақ қойды. Бұған композитор: «Әрине, жоқ! Димаш шынымен де мықты емес пе!», - деген жауап қайырды.

Кейін жүргізуші Димаштан әлемге әйгілі қытайлық актер, режиссер Джеки Чанмен қалай танысқанын, кездескенін сұрап, көрермендерге екеуі түскен фотоны көрсетті. «Джеки Чан қаншалықты әгілі болғанымен, өте қарапайым адам. Онымен хабарласып, ара-тұра кездесіп тұрамыз», - деді Димаш.

Кеш барысында жас әнші Иван Ургантқа қазақтың шапанын сыйлап, иығына жапты.

Жалпы, бағдарлама әдеттегідей, үлкен позитивте, қалжыңға толы өтті. Дегенмен, телекөрермендер Димаштың бағдарлама соңында ән айтпағанына өкініш білдірді. Қонақтарға әнді ресейлік поп-әнші Мари Краймбрери сыйлады.