Ақтөбе облысының жаңалықтары

Қайырымдылық марафонынан түскен қаржыға ерекше балалардың орталығы ашылды

2019-10-30 150

Ақтөбеде аутизммен ауыратын балаларға арналып жасақталған «Растемки» орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Былтыр көктемде «Ақтөбе облысындағы аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және қалалық спорт бөлімінің қолдауымен үлкен қайырымдылық марафоны өткен еді. Содан түскен 2 млн теңгеден астам қаражат ерекше балаларға арналған орталықтың ашылуына үлкен көмегін тигізді.

«Бұған дейін тұрақты отыратын жеріміз болған жоқ. Ашылып жатқан орталық шағын болса да өте ыңғайлы жабдықталған. Кеңсенің ашылуына қолдау көрсеткен Құралай Байменова ханым мен марафон өткізген Евгений Гончаров мырзаға алғысымыз шексіз. Бұл жерде ата-аналар мен балалар бас қосып түрлі шаралар өткізеді. Оған қоса кеңседе дефектолог, логопед секілді арнайы мамандар да жұмыс істейтін болады. Балалар мен олардың ата-аналары қосымша психологтардың көмегіне жүгіне алады. Балаларға қажетті оттегі конденсаторын алғымыз келіп отыр. Сонымен қатар, бейнелеу өнері студиясы жұмыс жасайды», - дейді бірлестік басшысы Салтанат Кенжебекова.

Статистика бойынша бүгінде қалада аутизммен ауыратын екі жүзге жуық бала бар.