Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде кеңселерге экобокс қойыла бастады

2019-10-30 157

Кеңседегі қағаз, пластикалық ыдыс пен әйнек бөлек жиналады. Жиналған қоқыс арнайы өңдеу орнына тапсырылып, түскен ақша кеңсе иесіне қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы, Нұр–Сұлтан қаласындағы ірі кеңселерде қазір қағаз бен пластикалық ыдыс, әйнек бөлек жиналып жатыр. Экологияны қолдайтын топ бұл қызметті Ақтөбе қаласына да енгізбек.

«Жыл басында қолға алынып, біз 30 тонна қоқысты өңдеуге жіберіп үлгердік. Бұл аз, дегенмен осы жолмен адамдарға қоршаған ортаны қорғау мәдениетін үйреткіміз келеді. Мәселен, кеңседе отырған адам қоқысқа қағаз тастайды, су ішкенде пластикалық ыдыстар да шығады. Қазір бәрін бір пакетке салып, лақтырып жатырмыз. Ол полигонға жеткізіледі, өңделмейді. Сондықтан кеңседе экобокс қойып, сұрыптап, арнайы өңдеу цехтарына жіберіп отырмыз. Ақтөбенің өзінде қағаз, пластика, әйнек қабылдайтын орындар бар. Пластикадан құбыр жасалса, кәдімгі көлік доңғалағынан балалардың ойын алаңына төсеніш дайындалады», - деді жоба өкілі Айман Сексенова.

Қазір Ақтөбеде ірі мұнай компаниялары кеңселеріне экобокс қойды. Республика бойынша барлығы 46 компания серіктес болуға келіскен. Олардың арасында екінші деңгейлі банктер, сауда орындары да бар.

«Жұмыртқаның қағаз қорабы, кофенің ыдысы мен ламинатталған қағаз, дүкендерде беретін чек, қағаз ақша қайта өңдеуге жатпайды. Өзгесі өңделіп, әжетхана қағазы, қол сүртетін қағаз майлық бола алады. Мәселен, жыл басынан бері осы арқылы 214 ағаш кесілмеді, 427 мың литр су, 21 мың сағ/Вт жарық үнемделді деп айта аламыз. Ақтөбе қаласында қоқыс өте көп. Оны тазалау үшін әр адам атсалысып, көмек қолын созған жөн», - деді Айман Сексенова.