Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жыл басынан бері 14 автобус жүргізушісі тәртіптік жазаға тартылған

2019-10-29 240

Қалалық жолаушылар тасымалдау кәсіпорнында электронды төлем жүйесін қолданбай, қолма-қол ақша алған жүргізушілер жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуін партия мүшелері бақылауға алды. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов алғашқы тексерістің қорытындысын қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында мәлімдеді.

Партия мүшелерінен құралған 4 топ автобустардың аялдамаға келу уақытының аралығы (интервалы), автобустарда төлем жүйесін оңтайландыру мақсатында енгізілген валидаторлардың қолданылуы, автобус жүргізушілерінің жол ережесін сақтауы, кондукторлардың мәдениеті, т.б. қоғамдық көліктерге қатысты мәселелер бойынша тексеру жүргізген.

Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, тексеруші топ мінген Ақтөбе жолаушылар тасымалдау кәсіпорнына қарасты автобустардың алтауының үшеуінде ғана жолаушылар валидаторлардың көмегімен жолақысын төлейді. Ал қалғандарында валидатор құрылғы тиімді пайдаланылмайды. Осыған орай, екі автобус жүргізушісі қызметтен босады. Ал жыл басынан бері ереже бұзғандары үшін 14 автобус жүргізушісі тәртіптік жазаға тартылған.

Қала әкімі  қоғамдық көліктердің хақыққа қызмет көрсету тәртібін үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды. 

«Тәртіп бұзылды ма, шара қолданылуы керек. Жағдайды тұрақты бақылауға ақтөбеліктердің өздері көмектесіп отырғанын айта кету маңызды. Күн сайын әлеуметтік желілерді қарап отырмын, тұрғындар автобустардың бағыттары бойынша барлық кемшіліктерді шағымданып жазады. Осыны біз халықтық бақылау, ақтөбеліктердің көмегі деп қабылдап, кемшіліктерді бірден түзеуге атсалысуымыз керек», — деді Мавр Абдуллин.

Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе қаласында екі компания жолаушылар тасымалымен айналысады: «Автопарк» серіктестігі және «Ақтөбе жолаушылар тасымалы кәсіпорны». Біріншісі жеке болса, екіншісі қалалық әкімдіктің бақылауында. Жолақы 80 теңгеге көтерілгенімен тұрғындар алдындағы міндетті тек коммуналдық мекеме ғана орындап отыр. Жыл соңына дейін «Ақтөбе жолаушы тасымалдау кәсіпорны» автобустары валидаторлармен 100 пайыз қамтылады.