Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жалаңтөс Баһадүрге арналған ақындар айтысы өтті

2019-10-28 180

Республикалық айтыста Аспанбек Шұғатаев жеңіске жетті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Самарқанды 40 жыл билеген Жалаңтөс баһадүрге «Сапар» автовокзалы маңында ескерткіш орнатылып, халықаралық конференция өтті. Сонымен қатар қала тұрғындары республикалық айтыс көрді. Айтыскерлер арасында ақтөбелік жастар басым болды. Ал Ринат Зайытов әділқазылар қатарынан көрінді.

«Қазақтың азулы ақындары шақырылған болатын. Кейбірі түрлі себеппен келе алмай қалды. Баһадүр бабамыз тұлпарына мініп оралды. Ол құр тас мүсін емес. «Самарқанның көк тасы еріген» деген сөз бар. Бабамыздың ескерткіші де сол көк тас секілді жібіп тұрған шығар. Бабамыздың да тебінеріп жатқанына күмәніміз жоқ. Егер әулие-әруақ ұрпақ ісіне тебіренсе, ел еміренсе бізді алатын жау жоқ», - деді ақын Светқали Нұржан.

Айтысқа Аспанбек Шұғатаев, Оразбек Қиынбаев, Марат Ахметов, Мұрадым Мирланов, Жұлдыз Қожабекова, Данияр Алдабергенов, Нартай Тілеуқұл, Қайырхан Жұбаниязов, Нұрбол Жауынбаев, Жәнібек Бейбітов, Сырым Әуезхан қатысты. Бас жүлде мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлықты Аспанбек Шұғатаев алды. 1 орын және 700 мың теңге Жәнібек Бейбітовке бұйырды. 2 орын мен 500 мың теңгені Нұрбол Жауынбаев және Сырым Әуезхан, 3 орын мен 300 мың теңгені Оразбек Қиынбаев, Мұрадым Мирланов алды. Ал 500 мың теңге мен арнайы жүлдені Данияр Алдаберген иеленді. Айтыскерлердің әрқайсысы 200 мың теңге алды.

«Халық айтысқа зәру болып жүрді. Сондықтан ұйымдастырып, жан-жақтан айтыскерлер шақырылды. Айтыс керемет деңгейде өтті. Ақтөбедегі айтысты аспандатып, Павлодарға барып айтсын деп бас жүлдені Аспанбек Шұғатаевқа беріп отырмыз», - деді ұйымдастырушы Бақытжан Ержанов.

Айта кетейік, ақындар тіл мен жер, әлеуметтік көмек, ел экономикасы туралы тақырыптарды қозғады.