Ақтөбе облысының жаңалықтары

Димаш Игорь Крутойдың АҚШ-тағы шоуын дүр сілкіндірді

2019-10-28 294

Димаш Құдайберген Instagram парақшасында ресейлік композитор Игорь Крутойдың Нью-Йоркте өткен шоуынан видеоүзінді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, Игорь Крутойдың Бруклиндағы (Нью-Йорк) Barclays Center сахнасында Игорь Крутойдың «65-ке өмірде, бір-ақ рет толамыз» атты кеші өткен болатын. Концерттік залға 19 мың адам сияды.

Шоу Нью-Йорк уақыты бойынша 26 қазанда сағат кешкі 19.00-де басталды. Қазақ әншісімен бірге америкалық сахнада Ресейдің танымал әншілері Филипп Киркоров, Николай Басков, Сергей Лазарев, Ирина Аллегрова, «А-Студио» қатарлы әншілері мен топтары өнер көрсетті. Димаштың жанкүйерлері әншіні әуежайдың өзінде қарсы алып, концертінде ұзақ қошеметпен құрмет көрсетті.

Ол өзінің Instagram парақшасында қазақ әншісі жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Рахмет, Нью-Йорк. 10 желтоқсанда дәл осы жерде менiң концертiмде кездескенше!» - деп жазды әнші.

Сондай-ақ, әнші Америкадағы концертінен 10 күн бұрын Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жеке концерті өткізетінін жеткізді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорк қаласындағы «Barclays Center» аренасында 10 желтоқсанда концерт беретінін жазған болатынбыз. Әнші өзінің «Арнау» бағдарламасын орындамақ. Мәдени шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.

Әнші Америкада төрт тілде ән шырқайды.