Ақтөбе облысының жаңалықтары

Трамп ДАИШ басшысы әл-Бағдадидің өлгенін хабарлады

2019-10-28 208
ДАИШ экстремистік тобының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади. 2019 жылғы сәуірде жарияланған видеодан скриншот.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияның солтүстік батысында америкалық әскерилер жүргізген арнаулы операция нәтижесінде ДАИШ экстремистік тобының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадидің көзі жойылды деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

 

"ӨЗ-ӨЗІН ЖАРЫП ӨЛДІ"

Президент Дональд Трамп қазанның 27-сі күні Ақ үйден телебайланысқа шығып, АҚШ-тың арнаулы қызмет өкілдері жүргізген түнгі әскери операция барысында америкалық әскерилер тарапынан адам шығыны болмағанын хабарлады.

Трамп әл-Бағдадиді "қуыс кеуде қорқақ" деп атап, әлем бойынша іздеуде жүрген ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) басшысы "беліне байланған бомбаны жарып өз-өзін және қасындағы бірнеше баланы өлтіргенін" айтты.

"Ол ауру және жексұрын адам болатын. Енді ол жоқ" деді Трамп.

Трамптың сөзінше, АҚШ күштері ДАИШ басшысы жасырынған жерде екі сағатқа жуық әскери операция жүргізіп, әл-Бағдадидің көп жақтасының көзін жойған.

АҚШ президенті өз-өзін жарып өлген адам - осыған дейін Сирия-Ирак шекарасында жасырынып жүргені туралы болжамдар айтылған әл-Бағдади екенін әскери операция аяқтала салысымен іле-шала жүргізілген ДНК талдауының қорытындысы анықтағанын айтты.

- Әл-Бағдади озбыр және қатыгез адам болатын, өзі де қатыгез ажалға тап болды: ол қорқақша қашып, жылады, - деген Трамп арнаулы операцияға Ресей, Түркия, Сирия мен Ирактың септескенін жасағанын айтты.

Америкалық күштер ұйымдастырған бұл арнайы әскери шара ДАИШ содырлары кепілге алып, кейін өлтірген АҚШ азаматы Кайла Мюллердің құрметіне "Кайла операциясы" деп аталды.

ІЗДЕУДЕГІ ҚЫЛМЫСКЕР

Бұған дейін АҚШ әл-Бағдадиды ұстауға жәрдемдескен адамға 25 миллион доллар сыйақы тағайындаған болатын. Әл-Бағдадидің бірінші әйелінен төрт баласы, екінші әйелінен бір ұлы болған.

Биыл сәуір айында әл-Бағдади соңғы бес жылда алғаш рет видеодан көрінген. ДАИШ-тың "Әл-Фуркан" ақпарат агенттігі жариялаған видеода жартылай жирен бурыл қаба сақалды Бағдади жерде малдас құрып отыр. Қара киімнің сыртынан жеңіл кеудеше киген, оң жағында қабырғаға әскери автомат сүйеулі тұр.

Видеода бәсең дауыспен кідіріс жасап сөйлеген Бағдади ДАИШ тобы тұтқынға түскен және өлтірілген адамдары үшін кек алатынын айтады.

ДАИШ экстремистік тобы басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадидің 2014 (сол жақта) және 2019 жылдары жарияланған видеолардағы бейнесі.

Шамамен 47 жастағы әл-Бағдадидің бұған дейін түскен видеосы 2014 жылы тараған. Онда ДАИШ экстремистік тобы басшысының Сирия мен Ирактан жиналған содырлары күшпен басып алған Мосул қаласындағы Әл-Нұри мешітінде сөйлеген сәті түскен. Ол сөзінде әл-Бағдади "Ислам халифаты" құрылды деп мәлімдеме жасаған болатын.

Әлем лидерлері әл-Бағдадидің өлгені туралы ақпаратқа байланысты пікір білдіріп жатыр.

"Біз әріптестерімізбен бірге аймақтағы жаңа ахуалға бейімделіп, ДАИШ тобына қарсы күресті үздіксіз жалғастырамыз" деп жазды Франция қорғаныс министрі Флоренс Парли Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында.

Алайда әл-Бағдадидің өлгеніне көз жеткізу үшін толық дәлел қажет деп санайтындар да бар.

Ресейдің "Новости" ақпарат агенттігі "[Ресей] қорғаныс министрлігінде америкалық әскерилердің... Әбу Бәкір әл-Бағдадидің "көзін жою" бойынша кезекті опрация жүргізгені туралы анық ақпарат жоқ" деген Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі генерал-майор Игорь Конашенковтың сөзін келтірген.

Соңғы жылдары халықаралық коалиция күштерінің көмегімен ДАИШ экстремистік тобы содырлары Сирия мен Ирак аумағының басым бөлігінен қуылған. Алайда батыс елдерінің ресми өкілдері АҚШ-тың серіктесі болған күрд әскерінің қолына тұтқынға түскен ДАИШ экстремистік тобының мыңдаған содыры Түркияның күрд жасақтарына қарсы Сирияның солтүстік-шығысында бастаған әскери операциясы кезіндегі аласапыранды пайдаланып "қамаудан қашуы мүмкін" деп алаңдайды.