Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде құтқарушыларға арналған ескерткіш бой көтерді

2019-10-25 250

«Халық және бизнес қауіпсіздігі» форумы аясында бүгін құтқарушыларға арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум аясында су тасқынының алдын алу, зілзала қауіп-қатерін азайту, тұрғын үй мен автокөлікті өрттен сақтандыру, кәсіпорындарда өрт қауіпсіздігін ұйымдастыру, балабақша, мектеп балаларына қауіпсіздік ережесін үйрету жайы жан-жақты талқыланды. Ал бүгін «Халық және бизнес қауіпсіздігі» атты республикалық шарасы кезінде өрт сөндіру қызметіне 8 көлік берілді. Кейін құтқарушылар скверіндегі «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына» ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

«Ескерткіш төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылатын, адам өмірін сақтауға бар-күш жігерін сарп ететін ержүрек әрі батыл мамандарға арналған. Ескерткіштің жалпы биіктігі - 4,7 метр. Ал баланы өрттен аман алып қалып, оны көтеріп келе жатқан құтқарушының мүсіні 2,5 метр биіктікпен орнатылған. Ескерткіш тақтаға «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» деп жазылды. Ақтөбе облысы азаматтық қорғау ардагерлер кеңесінің бастамасымен меценаттардың демеушілік қаржысына орнатылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.