Ақтөбе облысының жаңалықтары

Облыстан көшіп кеткендер көп

2019-10-23 224

Ақтөбе облысынан 1200-ден астам адам шетелге көшіп кеткен, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық статистика басқармасы демографиялық ахуалдың жартыжылдығын қорытындылады. Қаңтар-қыркүйекте облыс халқының саны 877 мыңнан асқан. Өңір халқының 71 пайызы қалада тұрады. Мәліметтерге сүйенсек, қаңтар-тамыз айларында шетелден облысқа 24 адам қоныс аударды. Ал 1216 адам көшіп кетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облысқа қоныс аударған өзге ел азаматтарының қатары азайып, шекара асып кеткендердің саны артып отыр. Ақтөбеге көшіп келгендер арасында қандастарымыз, сонымен қатар орыс, украин ұлтының азаматтары басым.

«Облыстан Қазақстаннан тыс жерлерге кеткендердің ішінде 51 қазақ, 741 орыс, 235 украин болды. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс шегінде тұрғылықты жерін өзгерткендер саны 18  784 адамды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 19,6%  көп. Өңірде табиғи өсім де байқалады. Алты айда 13500 сәби өмірге келді», - деп хабарлады облыстық статистика басқармасы.