Ақтөбе облысының жаңалықтары

Оқушылар мобильді қосымшаның авторлық құқығын иеленді

2019-10-21 231

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «DeRey» мобильді қосымшасын жасауға авторлық құқық алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Әмина Тоғай, Айжан Ғұбайдолла, Ақмарал Қабиева және Дина Дәулеталина төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалу функциясын қамтитын мобильді қосымша әзірледі. Қолдану принципі өте қарапайым: экранда қажетті қызметті таңдап, қоңыраудың себебін көрсету керек. Адамның орналасқан жері автоматты түрде анықталады немесе мекенжайды енгізуге де болады. Нәтижесінде өтініш қабылданып, көп ұзамай арнайы қызметтер көмекке келеді.

«Бір жыл бұрын Ақтөбеде жедел жәрдем келгенге дейін жеті жасар қыз көз жұмды. Диспетчер қоңыраудың жеделдігін қате анықтағаны белгілі болды. Осыдан кейін бізде адам факторының қауіпін мүмкіндігінше жоюға болатын қосымшаны ойлап табу идеясы пайда болды», – деді Әмина Тоғай. Жоба авторлары бұл қосымшаның сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін маңызды екенін атап өтті.

«Көмек сұрағанның өзінде оларды әрдайым түсіне бермейміз. Қосымшаның көмегімен пайдаланушы мәселені өзі шеше алады», – деді Айжан Ғұбайдолла. 

Жоба жедел жәрдем қызметкерлеріне және пайдаланушыларға арналған екі қосымшадан, жеке веб-сайттан, сондай-ақ барлық ақпарат сақталатын мәліметтер базасынан тұрады. Болашақта оқушылар дененің 3D моделі мен Expert system сияқты қосымша мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отыр. Expert system – төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін істеуге болатын және болмайтын нұсқаулықтар мен кеңестер жазылған жүйе.

Айта кетейік, жоба зияткерлік мектептің информатика пәні мұғалімі Асқар Бедердің жетекшілігімен жүзеге асырылуда.

«Жобаны бастау үшін әртүрлі қызметтермен ынтымақтастық қажет. Қазіргі уақытта бір емханамен келісім бар», - деді Асқар Бедер. 

Оқушылар ғаламторға кірмей, қосымшаны пайдалана алатындай арнайы мүмкіндік беретін компаниялармен жұмыс істеуді көздеп отыр.