Ақтөбе облысының жаңалықтары

Шетелдік хирургтер ота жасады

2019-10-18 268

Қазақстан хирургтер қоғамының екінші пленумында шетелдік мамандар 10 күрделі ота жасады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жиынға Корея, Ресей, Литвадан бірнеше мамандар қатысты. Олар облыстағы емдеу орындарында науқастарға тегін ота жасап, жергілікті хирургтерге тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

«Бүйрек ауыстыру, қалқанша, сүт безіне, өт жолдары мен косметологиялық ота жүргізілді. Шетелдік хирургтер бәрін үйретеді, өз әдістерін көрсетеді. Бұл салада аса үлкен мәселе бар деп айта алмаймын. Бірақ әр хирургтің емдеу жолында өзгешелік болуы мүмкін. Мәселен, қан кетуді тоқтату кезіндегі тактикалары үнемі басты назарда болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбеде медициналық кластер дамып жатыр. Қазіргі уақытта перенаталдық орталығы, ядролық медицина орталығы секілді бірнеше емдеу мекемесінің құрылысы жүріп жатыр.

«Оңтүстік Корея, Түркия, Литва, Ресейдің жетекші клиникаларымен тығыз байланыс орнаған. Өңірде трансплантология, кардиохирургия, онкология, балалар хирургиясы, реабилитология, репродуктология, офтальмология және медициналық ғылым мен тәжірибенің басқа да бөлімдері қарқынды дамып келеді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жиын кезінде Оңтүстік Кореядан келген хирург Кванг Вунг Лиге «Ақтөбеге 150 жыл» мерекелік медалі тапсырылды. Сонымен қатар, Ақтөбеде 20 рет сәтті ота жасаған Седат Иылдырым мен жергілікті төрт хирург  Ақтөбедегі медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.

«Қай мемлекетте болсын медицинаның дамуы трансплантациямен бағаланады. ТМД елдері бойынша Қазақстан алда келеді. Ақтөбенің өзінде 40-қа жуық бүйрек, 15-ке жуық бауыр ауыстыру отасы жасалды. Дегенмен құрал-жабдық жетіспеушілігі мәселесі бар. Еліміздегі кейбір емдеу мекемесінде тозығы жеткен құрал-жабдық 50-60 пайызға жеткен. Бәрі әкімдердің қолдауына байланысты болып тұр», - республиканың бас хирургі Болатбек Баймаханов.