Ақтөбе облысының жаңалықтары

Қайрат Бекенов: Шетелдік жұмысшылар санын азайтуға талап қоямыз

2019-10-12 240
Фото ©Ардақ Ерубаева

Облыс әкімінің орынбасары жалақы көтеруді талап еткен мұнайшылар алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Восток нефть» сервистік қызмет көрсететін қытайлық компанияның жұмысшылары жалақыларын 50 пайызға көтеруді сұрайды. Жүзге жуық жұмысшы талаптарын айтып бүгін мекеменің алдына барды. Айтуларынша, жұмыс беруші әртүрлі мөлшерде 20 пайызға дейін ғана жалақы көтерген.

Мұнайшылармен кездесуге барған облыс әкімінің орынбасары шетелдік компанияларға нақты талаптардың қойылып жатқандығын түсіндірді.

«Компанияның жалақыны 20 пайыздан артық көтеруге мүмкіндігі жоқ. Жаңа жылдан кейін тағы да жұмыстар жүргізіледі. Біз шетелден келген жұмысшылар санын азайтуға талап қоямыз. Олар жыл бойы жергілікті мамандарды үйретуге тиіс. Үйренген жағдайда жұмысын босатып, ол орынға жергілікті маман тағайындалу керек»,- деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Тек сервистік қызмет көрсететін «Восток нефть» компаниясында 1200 жұмысшы бар. Оның 103-і қытай азаматы. Мекемедегі орташа жалақы 212 мың теңге.