Ақтөбе облысының жаңалықтары

Галиб Жафаров ақтөбелік жас боксшылармен «Бекзат» фильмін тамашалады

2019-10-09 35

Әуесқой бокстан әлем чемпионы атанған Галиб Жафаров жас боксшыларды кино залына өзі бастап барды, деп хабарлайды Aktobеnews.kz тілшісі.

Жиырма жасында Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған спортшының өмірі туралы кино жақында жарық көрді. Бокс залына келгеннен бастап чемпион болғанға дейінгі аралық суреттелген туындыны тамашалауға жас боксшылар бапкерлерімен бірге келді. Араларында  кезінде құрама сапында бірге болып, бір салмақта жұдырықтасқан Галиб Жафаровта бар.

«Ол жастардан ересектер құрамасына келген кезден бастап таныс болдық. Екеуміз тек ринг кезінде ғана қарсылас болдық. Басқа уақытта үлкендерге деген құрметі ерекше болды. Барлығы тез болды. Құрамаға келгеннен лицензия жеңіп алып, бірден Олимпиада чемпионы болды. Өзі ұзын бойлы, арықтау сабырлы бала еді. Барлық жетістіктеріне табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында жетті», - дейді бокстан әлем чемпионы Галиб Жафаров.

Жас спортшылардың арасында кішентай Бекзатта болды. Болашақта чемпион болуды армандайтын жеткіншек талай жарыстардан жүлде алған.

«Бекзат аға 142 жекпе-жек өткізіп 132-де жеңіске жетті. Олимпиаданың  финалында 20-18 ұпайымен қарсыластарын ұтты. Менде сол кісі сынды чемпион болғым келеді», - жас спортшы Бекзат Каримов.