Ақтөбе облысының жаңалықтары

Испанияда қазақша ән орындаған Нарғыз Жанұзақова бас жүлде иеленді

2019-10-09 82

Әнші Нарғыз Жанұзақованы кеше ақтөбеліктер күтіп алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. 

Испанияның Малага қаласында өткен өнер байқауына әлемнің әр түкпірінен жас әншілер мен түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздар қатысты. Бір аптаға созылған байқау кезінде Ақтөбе облысынан барған Нарғыз Жанұзақова Гран-при жеңіп алды. Ол жалғыз өзі қазақ тілінде Сәкен Мұсағалиевтің сөзі мен Мархаба Сәби, Назарбек Оразбековтың әніне жазылған «Қай заман» әнін орындады.

«Алматы қаласынан оннан астам өнерпаз қатысты. Ақтөбе облысынан тек Нарғыз барды. Бұл байқауға жолдаманы «Бозторғай» конкурсында жеңіп алған болатын. Еуропаға сапарымызды облыс әкімі қолдады. Ал қызым 20 күн бойы дайындалып, байқауға үлкен жауапкершілікпен қарады. Қазақ тілінде ән шырқағанда көпшілік тәнті болып, қошеметтерін білдіріп жатты. Нарғыз байқауға қатысқан кезде міндетті түрде ана тілінде бір ән орындайды», - деді анасы Сырғагүл Жанұзақова.

Он үш жастағы Нарғыз Жанұзақова алдағы жылы Минскте болатын байқауға шақыру алған.