Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мектеп оқушыларына діни бағыттағы кітаптар таратылған

2019-10-09 41
Көрнекі фото

Ақтөбеде жалғызбасты ананың үш баласына Иегова куәгерлерінің кітаптары таратылған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. 

Әлеуметтік желіде шыққан видео ұстаздарды аяғынан тік тұрғызды. Жалғызбасты келіншектің үш баласы діни бірлестіктің кітабын оқып, лагеріне барған. Сорақысы жалғызбасты келіншек балаларды тегін лагерьмен алдағандардың діни бірлестік екенін білмеген. Отбасының көзін 6 қазан күні әкелерінің садақасына келген имам ашқаны белгілі болды. Дін қызметкері күдікті кітаптарды видеоға түсіріп, желіге жүктеп жіберген. Абай болу керектігін ескерткен.

Білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 2019 жылдың маусым айында  болған.

«Жалғызбасты ананың 2,5,6 сыныпқа баратын балалары №71 мектепте оқиды. Анасы тегін лагерьге жолдаманы көшеде таратып жүрген кезінде алған. 5 маусым күні үш бала да нақты мекен-жайы белгісіз «Нұр» лагеріне барады.  Балаларды үйінің қасынан машинамен алып кетіп тұрған. Соңғы рет қатысқанда бейнетаспадағы кітаптарды таратқан. Бұл отбасының 3 баласының да тәртібі, сабақ үлгерімі жақсы. Ешқандай есепте тіркелмеген. Осы жағдайға байланысты мектеп инспекторы және мектеп психологының қатысуымен анықтау жұмыстары жүргізілуде»,-дейді қалалық білім бөлімі.

Полиция қызметкерлері балаларды тегін лагерьге шақырып, кітап таратқандардың кім екенін анықтау үстінде.