Ақтөбе облысының жаңалықтары

Түркия Сириямен шекаралас аумаққа әскер әкелді

2019-10-07 953
Сириямен шекаралас аумақта кетіп бара жатқан түрік әскерилері және бала. 4 қазан 2019 жыл.


Түркия Сириямен шекаралас Акчакал ауданына қосымша әскер мен техника әкелді. Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоған түрік жасақтарының Ефрат өзені шығысында әскери операция бастауға әзір екенін мәлімдеген, деп хабарлайды Азаттық.

Түркия жағы әскери операцияның мақсаты - Сириямен шекаралас аумақты АҚШ қолдайтын күрдтер жасағынан тазартып, "қауіпсіздік аймағын" құру деп түсіндірді.

Анкара күрд жасақтарын "террорист" деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Ердоғанның айтуынша, Анкара операцияны 6 қазанда бастауы мүмкін.

Сирияның сыртқы істер министрлігі Сирия аумағында қауіпсіздік аймағын құру талпынысы "халықаралық құқық талаптарын қайшы келеді" деді. Ведомство өкілдері Сирия аумағында шетел әскерилері барын айтып, олар аумақтан шұғыл кетуі тиіс деп айтты.

Вашингтон күрдтерді "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте одақтас санайды. Ердоғанның әскери операцияға дайындық жасап жатқаны белгілі болғаннан кейін Түркия мен АҚШ келіссөз жүргізе бастаған. Тараптар Сирия-Түркия шекарасында қауіпсіздік аймағын бірге құруды жоспарлаған. Тамыз айында АҚШ пен Түркия аумақты бірнеше рет бірге күзеткен, бірақ Ердоған мұны "фикция" (жалған) деп атаған.

1 қазанда Режеп Ердоған Түркия мен Сирия шекарасында өз бетінше қауіпсіздік аймағын құратынын мәлімдеген.