Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде медициналық палатаның V съезі өтіп жатыр

2019-10-04 1113


Съезде медицина қызметкерін және олардың мүдделерін қорғау, медициналық палатаның қызметі туралы айтылады. Сонымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа үлгісін енгізу мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, өңірде халықты ақпараттандыру, медициналық ұйымдардың қызметкерлерін оқыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 63 емхана қорымен келісімге қол қойды. Оның 26-сы жеке меншік.
«Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу кезінде айтарлықтай өзгерістер болады. Мәселен, келер жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 1,4 есе, нақтырақ айтқанда 41,9 миллиард теңгеден 58,2 миллиард теңгеге дейін өседі. Өңір тұрғындары қолжетімді, сапалы медициналық қызмет алады. Бұл өз кезегінде денсаулықты жақсартып, өмір сүру ұзақтығына әсер етеді. МӘМС жүйесі енгізілген уақытта ақтөбеліктердің 80,4 пайызы тегін медициналық көмек алатын болады. Ақтөбе облыстық статистика департаментінің дерегінше, биыл алғашқы жарты жылдықта өңірде 260 мыңға жуық бала, 86 мың 700 зейнеткер тұрып жатыр. Олар 2020 жылдан бастап автоматты түрде сақтандырылған азаматтар санатына енгізіледі. Олар үшін жарнаны мемлекет аударады. Сондай-ақ, өңірде 18 мыңға жуық заңды тұлға тіркелген. Олар МӘМС заңы бойынша 2020 жылдан бастап өздері үшін жарна төлеулері шарт», - деді Әсет Қалиев.

Айта кетейік, төлем жасалған балалар, зейнеткерлер мен кәсіпкерлердің жалпы саны 701 252 адамға жеткен. Облыс тұрғындарының саны қазір 872 мың адам десек, бұл жалпы ақтөбеліктерді 80,4 пайызын құрайды.