Ақтөбе облысының жаңалықтары

Сапарбаев атлеттер мен балуандардың әлем чемпионатындағы нәтижесін сынады

2019-10-03 1126
Қазақстандық балуан Дәулет Ниязбеков (көк формада) әлем чемпионатында. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл.


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 3 қазанда Нұр-Сұлтанда бокс, күрес және ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатының қорытындысына арналған жиналыста спортшылардың нәтижесін сынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз мәслихаты хабарлады, деп жазады Азаттық.
-Бокстан жалпыкомандалық есепте үшінші орын, ауыр атлетикадан 12-орын, күрестен 14-орын алдық. Боксшылар ғана бір алтын иеленді. Министрлік, ұлттық олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілерден жеткілікті қолдады. Ал нәтиже қайда? Тиісті министрлік дұрыс бақыламай отыр. Спорт – елдің имиджі. Токио олимпиадасында лайықты нәтижеге жету үшін қателіктермен жұмыс істеу керек. Уақыт аз,- деді Сапарбаев.

Премьер-министрдің орынбасары ұлттық құрамаға спортшыларды таңдағанда "тамыр-таныстыққа жол бермеу керегін" ескертті.

Қазақстан өткен айда Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен әлем чемпионатын ұйымдастырып, үш күміс, төрт қола иеленген. Қазақстанның өзінде өткен жарыста алтынсыз қалған балуандардың нәтижесі жанкүйерлер арасында сынға ұшыраған. Ал Паттайяда (Таиланд) өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан тек бір күміс алған.

Екатеринбургтегі бокстан әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс, төрт қола иеленген.
"Спорт мемлекеттің имиджін көтереді" деп санайтын Қазақстан билігі олимпиадалық спорт түрлерін бюджеттен қаржыландырады. Ұлттық құрама спортшыларының жаттығу, жарысқа бару шығыны мен жалақысын мемлекет төлейді. Қазақстан олимпиадада жүлде алған спортшыларына мол сыйақы беретін елдердің бірі.

Әлемдік жарыстарда нәтиже көрсету үшін Қазақстан шетелден спортшылар шақырып азаматтық береді. Қазақстан атынан әлем чемпионаттарына қатысып жүлде алғандар қатарында Ресей, Қытай, Моңғолия, Украинадан келген спортшылар бар. Солардың ішінде Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза (екеуі де Қытайдан) және Светлана Подобедова (Ресейдені) 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын алған. Бірақ кейін олардың допинг сынамасынан рұқсат етілмеген препарат табылып, нәтижелері жойылған. "Допинг қолданды" деп айыпталғандар арасында Пекин мен Лондон олимпиадасында алтын иеленген Илья Ильин де бар. Ол да олимпиадада алған алтын медальдерін қайтарып берді.