Ақтөбе облысының жаңалықтары

Оңдасын Оразалин Олимпиадаға жолдама алған спортшыларға миллион теңгеден берді

2019-10-03 1188


Өңір басшысы Әлем Чемпионатының қола жүлдегерлері Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрислам Санаевты қабылдады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында өңір басшысы балуандарды жеңістерімен құттықтап, алғысын білдірді.
- Еркін және грек-рим күресінен Ақтөбе өңірінің спортшылары республикада алдыңғы қатардан көрініп жүр. Халқымызда бақ шаба ма, бап шаба ма деген жақсы сөз бар. Спорт - рух пен намыстың бірдей көрінетін ең үздік саласы. Осындай батыр балуандарымызды даярлап жүрген бапкерлердің жұмысына үлкен ризашылығымды білдіремін. Жинаған мол тәжірибе мен біліктің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Еткен еңбек, төккен тер ақталып, бүгін міне үлкен додаға жолдама алып келіп отырсыздар. Осы арқылы сіздер Ақтөбе өңірінің ғана емес ел мақтанышы, кейінгі жас буынға үлгісіздер. Намысты қолдан бермей туған жердің атын шығарғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біздің тарапымыздан Сіздердің жаттығуларыңызға барлық жағдай жасалады. Ештеңеге алаңдамай, жаттығып, алдағы жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, - деді облыс әкімі.

Кездесу соңында аймақ басшысы қос спортшы мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдіріп, ақшалай сертификаттар табыстады.