Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік тұрғын өрттен үш адамды құтқарып қалды

2019-10-02 1150


Кеше Прохоров көшесінде болған төтенше жағдай кезінде Мұңалбек Құлымбай есімді өрт сөндіруші бірнеше адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жұмыс аусымынан шығып демалыс күнін отбасымен өткізіп жүрген Мұңалбек көп қабатты үйдің бірінде түтін шығып жатқанын байқайды. Өрт болып жатқан жерге жеткенде іште адамдардың қалғанын естіп көмекке ұмтылады.
«Есік алдындағы адамадардан іште кішкентай бала қалып қойғанын естіп бірден кіріп кеттім. Ең бірінші көзім түтінге тұншығып жатқан егде жастағы қарт кісі көрінді. Оны көтеріп далаға алып шықтым. Тағы бір қарап шығуға қайта кіргенімде анасымен кішкентай бүлдіршінді құтқарып алдым. Сол сәтте өрт сөндіру қызметі де келді. Мамандандырылған өрт сөндіру қызметінде үш жылдан бері жұмыс жасап келемін. Бұл әрекетімді ерлікке баламаймын, азаматтық борышым деп санаймын», - дейді өрт сөндіруші Мұңалбек Құлымбай.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 11.38 шамасында Прохоров көшесінде төтенше оқиға тіркеліп пәтердің 20 ш.м. жері жанып кеткен болатын. Оқиғадан қаза болып, зардап шеккендер жоқ.