Ақтөбеде құрылысы жүріп жатқан заманауи тарихи-өлкетану музейінде 9 экспозициялық зал болады

Ақтөбеде құрылысы жүріп жатқан заманауи тарихи-өлкетану музейінде 9 экспозициялық зал болады

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ықшам ауданында облыстық тарихи-өлкетану музейі салынып жатыр. Мұнда музейінде 9 экспозициялық зал болады. Құрылыс жұмыстарына 635,1 млн.теңге жұмсалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты ескіріп, апатты жағдайда болған соң жабылып қалды. Қазіргі уақытта Батыс-2 ықшам ауданында жаңа музейдің құрылысы жүріп жатыр. «Алтын Қыран» қоғамдық қорының перзиденті Исламбек Салжанов мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құрылыс жұмыстарына қаржы бөлді. Жоба құны — 635,1 млн.теңге. Құрылыс жұмыстары кезінде өзгертулер енгізіліп, құжаттар мемлекеттік сараптамаға қайта жіберілген.

«Музей ғимараты экспозициялық-көрме, қызметтік-әкімшілік, демалыс аймағы және үйірмелік сабақтар мен оқу залы болып бөлінген. Мұнда қазіргі заманғы музейлік құрылғылармен және технологиямен жабдықталған 9 жаңа экспозициялық зал болады. Олар — өлке табиғаты мен экологиясы залы, археология және архитектура залы, Алтын зал, «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы, батырлар мен ұлт-азаттық қозғалыстар» (XV ғ.60 ж.ж. — ХІХ ғ.ғ.) залы, «Өлке тарихы»(1869-1940 ж.ж.) залы, «1941-1945 ж.ж.Ұлы отан соғысы» залы, «ХХ ғ. ІІ жартысындағы — 1991 ж. өлке тарихы» залы, «Қазіргі заман және ғарыш» залы, Этнография залы. Музейдің жертөле қабатына қор сақтау, көркемөнер шеберханалары және реставрация, консервациялау бөлмелері орналасады. Музей қорында 110 мыңнан аса жәдігер жинақталған. Оның ішінде минерралогия, палеонтология, ботаника, археология, қолданбалы-қолөнер, нумизматика, сирек кездесетін кітаптар, архив құжаттары мен фотодеректердің құнды топтамасы сақталған. Әшекей бұйымдардың бірегей топтамасын ерекше атап өтуге болады», — деді Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Музейдің негізгі құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта жылу беріліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа бөлімдер ашылып, кейбір бөлімдер оңтайландырылады.

Пікір қалдырыңыз