Қауіпсіздік қызметі мен прокуратура құпия құжаттарды үйінде сақтаған полиция бастығын тергеп жатыр

Қауіпсіздік қызметі мен прокуратура құпия құжаттарды үйінде сақтаған полиция бастығын тергеп жатыр

Ақтөбеде Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Евгений Лазарев тұтқындалды. Ол уақытша тергеу қапасында отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Евгений Лазаревтің бұрынғы әйелі күйеуіне қатысты шағым түсірді. Шағымда мемлекеттік құпия құжаттары мен оқ-дәрі сақталғаны жазылған. Арнайы комиссия құжаттардың құнын 22 миллион теңге деп бағалап отыр. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, полиция бастығы тұтқынға алынды.

«Ақтөбе қаласының №2 сотына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті, тергеу басқармасының тергеушісі және Ақтөбе облыстық прокурорының орынбасарымен келісілген Е.В.Лазаревқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат келіп түсті. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру органымен Е.В.Лазаревқа ҚР ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігімен, 287-бабының 3-бөлігімен («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету» және «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»)көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны бойынша күдік тағылып отыр», — деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласының №2 соты Е.В.Лазаревқа қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Пікір қалдырыңыз