Ақтөбеде қаза болған полицейдің әйелі батальон командирін жауапқа тартуды сұрады

Ақтөбеде қаза болған полицейдің әйелі батальон командирін жауапқа тартуды сұрады

Бүгін «Күзет» қызметкері Байбек Қарымсақовты жақындары мен достары ақтық сапарға шығарып салды. Шырылдап жылаған марқұмның әйелі журналистерден көмек сұраумен болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Денесін өткізу бекетінің ішінде отырған жерінен тапқан. Бытыра құлағының түбінен кіріп, маңдайын тесіп шыққан. Егер өзін атқан болса, маңдайынан шыққан бытыра әйнекпен қоршалған өткізу бекетіне де зақым келтіру керек еді. Денені көруге барған ағасы ол жерден бүлінген ештеңені көрмегенін айтты. Оны өлтіріп, сол жерге отырғызып қойған деп ойлаймыз. Сол күні іштерінде тексеріс болған, болжамымызша оқиға сол тексерістен кейін болып тұр. Оған інісі сағат 4-тер шамасында хабарласқанында ентігіп тұрған, «жүгіріп келдім» депті. Бір келіншек сол күні оқиға болған орында полиция қызметкерлерінің жүгіріп жүргенін айтады», — дейді марқұмның келіншегі Бағдагүл Жұбанова.

Екі ұлымен жесір қалған келіншек полиция саласындағы сұмдық жайттарды да ашып айтты.

«Маған көмек керек. Балаларым әкесіз қалды, мемлекеттің жәрдемақысына іліктіргім келеді. Мен осы істі соңына жеткізу үшін барлық жерге шағымданамын. Президенттен, Ішкі істер министрінен көмек сұраймын. Полиция қызметкерлерінің басқа әйелдері жылап қалмаса екен. Бұл жерде былық көп. Ең аяғы алған 10 мың теңге сыйақының өзін картада суырып, бес мың теңгесін бастықтарына апарып береді. Жолдасым жұмысынан шаршағанын жиі айтады. Жұмысын ауыстырғысы келіп жүрді. Батальон командирі күн көрсетпейтінін айтып жатқанын бірнеше рет естідім. Бүгін садақаға ол адам да келді. «Менің Байбекті көрмегеніме үш ай болды» деп тұр. Күнде тексеріп, күнде көріп жүрген адамы туралы олай деп айтқанының өзі күлкілі емес пе?», — деді марқұмның әйелі жылап отырып.

Байбек Қарымсақов 8 қаңтар күні Ақтөбе қаласы әкімдігінің өткізу бекетіндегі жұмыс орнында қаза тапты. ІІД-нің ресми мәлімдемесінде күзетшінің суицид жасағаны айтылған болатын.

фото: inform.kz

 

Пікір қалдырыңыз