Өнер адамдары парамен ұсталған Ерлан Біләлға араша түсті

Өнер адамдары парамен ұсталған Ерлан Біләлға араша түсті

ҚР Театр өнері қауымдастығы парамен ұсталған театр директоры Ерлан Біләлға араша түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін өткен баспасөз мәслихатында аталған оқиғаға театр өнерінің өкілдері өз пікірлерін білдірді. Өнер өкілдері бұл жағдайды өнерге жасалған қиянат деп есептейді.

«Соңғы кездері алыпты, беріпті, қылмыс жасапты дегенді ғана естиміз. Ал мен оны білетін адаммын. Ол көз алдымда өсті. Біреудің ала жібін аттамаған. Сенгіш, адал, аңқау біреулердің қитұрқы әрекетінің құрбаны болып отыр. Өнерде құбылыс болған тұлғаның бұл жағдайы жанымызға батып отыр. Мұндай кек алу, өш алу кісілікке жатпайды. Ағын — ақ, қарасын қара деңіздер. Біз өтірік айтатын жастан кеттік», — деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Ал Қазақстан Театр қауымдастығының президенті, халық әртісі Асанәлі Әшімов Ерланға пара берген азаматтарды да жазаға тартуды сұрады.

«Ерланның адал азамат, таза жігіт екенін халық айтады. Осындағы жастар түнімен ұйықтамай, Ерланды қорғап жылы сөздерін айтып жатыр. Дамыған елдерде ұстап берген адам да жазаланады. Сондықтан мұны ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын», — деді Асанәлі Әшімов.

Режиссер Асхат Маемиров құқық қорғау органдарына ғана тиесілі суреттердің интернетке қалай тарап кеткеніне таңданыс білдірді.

«Біз бұл туралы сауал жіберетін боламыз. Суреттер тек қана тергеуде болу керек. Сот шешімінен соң белгілі болуы тиіс», — деді ол.

Ал Кәріс театрының директоры Любовь Ни қандай театрлардың ғимаратты жалға беруге құқылы екенін айтты.
«Егер театр мемлекеттік бюджетке қараса, жалға беруге болады. Бірақ жалақысы түгел бюджетке кетеді. Бірақ мен үшін театр залын жалға беру тиімсіз. Себебі оның суы, жарығы, дыбысы деген шығындар өте көп. Мемлекеттік қазынаға қараған театрлар шығындарын жабу үшін жалға береді. Ол қылмыс емес. Бірақ ол қаржы мемлекет бюджетіне кетуі тиіс», — деді Ни Любовь.

Оның айтуынша, қазір Ерлан Біләл денсаулығы сыр беріп, үйінде жатыр. Еске сала кетейік, Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, белгілі актер Ерлан Біләл 1,5 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын.

 

Пікір қалдырыңыз