Оңтүстік Африкада соғысқан ақтөбелікке сыйлық табысталды

Оңтүстік Африкада соғысқан ақтөбелікке сыйлық табысталды
Суретке түсірген Әсет Жомарт

Өмірінің 36 жылын әскерге арнаған Қажымұқан Сәтеновтың еңбегі еленіп жатыр.

Жаңа жыл мерекесінде Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскери ардагерлерді бір қуантып қойды. Атап айтқанда, облыстық әскери департментті 10 жыл бойы басқарған Қажымұқан Сәтеновке зор еңбегі үшін мадақтама қағазы мен сыйлық табысталды.

«Департамент мұндай шараларды мейрам сайын дәрстүрлі түрде ұйымдастырады. Қолдан келсе, осылай ардагерлердің үйіне барамыз. Немесе департаментке қонақ болуға шақырамыз. Ешкім де ұмытылмайды», — деді департамент бастығының атынан сыйлық жасаған полковник Әділбек Құлтаев.

Қажымұқан Сәтенов әскери қызметкерлер арасында әлі күнге дейін сыйлы, құрметті адам. Себебі ол өмірінің тең жартысын әскери салаға арнаған. Тіпті сүйген жары — Рабиға да күйеуіне тірек болып, Ангола мемлекетінде мылтық ұстаған.

«1987 жылдың басында мені Мәскеудегі бас штабқа шақырды. «Анголаға барасың» деп тапсырма берді. Бұл мемлекет ІІІ ғасыр бойы, Оңтүстік Африка мемлекетінің, Англияның, Германияның отары болған. Мен Ангола жерінде Лубанго деген қаладан 20 шақырым жерде орман ішінде, СВАПО — патриоттарын соғыс қимылдарына үйретіп, қайтадан өз еліне басқыншылармен соғысуға жіберіп тұрдым», — дейді отставкадағы полковник Қажымұқан Сәтенов.

Суретке түсірген Әсет Жомарт

Оның сөзінше, Анголадағы қақтығыста 3 ай бойы бір бригадамен қаланы қорғаған. Сол кезде жары — Рабиға апай да пистолеттен атуды үйренген.

Қазіргі таңда Қажымұқан Сәтенов зейнеткерлікке шықса да, қол қусырып отыра алмады. Төтенше жағдай департментінде бөлім бастығы болған. Жарты жылдан соң теміржол басқармасында әскери күзеттің басшысы боп тағайындалған. Кейін күзет таратылған соң, басқарма директоры тәжірибелі маманнан айырылмау мақсатында Қажымұқан Сәтеновты кәсіподақ төрағасы етіп сайлаған.

«Бес жылдан соң төрағалық мерзімім бітіп еді. Бірақ жұмысшылар «аға, қалыңыз» деп мені тағы да бес жылға сайлап қойды», — деді еңбекқор зейнеткер.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз