Әйелі тастап кеткен соң инсульт алған қариядан бес баласы да бас тартты (фото)

Әйелі тастап кеткен соң инсульт алған қариядан бес баласы да бас тартты (фото)

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта 200-ден аса адам тұрады. 63 жастан асқан Жәнібек Кеулімжайовтың да осы орталықты паналағанына үш жылдан асқан деп хабарлайды NUR.KZ.

— Жақында ауылға барып келдім. Шешемнің басына барып құран оқыттым. Биыл қайтқанына үш жыл болды. Басына балаларымды, әйелімді апардым. Шешем қайтқаннан кейін осы жаққа келген едім. Оның алдында әйелім «кетемін» деді. Сол кезде «кетемін» деген әйелді ұстап тұра алмадым. Ол ажырасып кеткеннен кейін мен инсульт алдым, содан осылай арбада отырамын. Қарайтын адам болмағаннан кейін қаладағы қарттар үйіне келдім. Әйелім қазір ауылдағы менің үйімде тұрып жатыр. Ауылдағы баспанамды қызымның атына аударған едім, шешесін сол үйге кіргізген,-дейді Жәнібек Кеулімжайов.

Қарияның жақындары Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылында тұрады. Өзінің айтуынша, үш қыз, екі ұл тәрбиелеген.

— Олар маған келе аламайды. Қала мен екі ортаға қатынау қиын ғой. Көрерміз, денім сау болса үкімет те өлтіріп жатқан жоқ. Мені іздеп келмесе де, ішімнен шыққан балаларым аман болсын деп отырамын. Қарамай-ақ қойсын, тек солардың дені сау болса екен. Оларға қазір де қолымнан келгенше көмектесемін. Зейнетақымның керегін аламын, ауысқанын соларға беремін. Енді мен аяқ- қолы жасамай отырған адаммын,-дейді қария.

Ақсақалға «қартайғанымда балаларымның ортасында отырсам» деген ой арманға айналған.

— Ауылда балалар мен әйелдің қасына барып, ортасында отыруды да ойлайсың. Бірақ, ол жақта сені біреу қарсы ала ма? Өзім кәріп адаммын, қарсы алмаса далада қаламын ғой. Бұл жерде құлап жатсаң, көтеріп арбаға отырғызатындар бар. Ал, ол жақта бес балам болғанымен, маған қарайтын адам жоқ. Ешкімге әуре болмай, өз бетіммен өлгім келеді. Теріс айналған әйелге де, балаға да бейнет болғым келмейді,-дейді өмірінің қарттық шағын интернатта өткізіп жатқан Жәнібек ақсақал.

Пікір қалдырыңыз