Ләззат Оразбаева, басқарма басшысы: 2017 жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым

Ләззат Оразбаева, басқарма басшысы: 2017 жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы 2018 жылға арналған жоспарын Aktobenews.kz тілшісіне айтып берді.

«Мен білім саласында 27 жыл жұмыс істегенмін. 2017 жылдың басында қызметімді ауыстырған болатынмын. 5 қаңтарда Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. Себебі спорттық, мәдени шаралар, білім, әлеуметтік, әскери мәселелер менің қызметтік міндетіме кірді. Ауқымды «Туған жерге тағзым» акциясы өтті, 2017 жыл қызықтарға толы болды. Кейін өзіме жақын, білетін салама қайтып келдім. Білім басқармасының басшысы болдым», — деді Ләззат Оразбаева.

Еске сала кетейік, Ләззат Оразбаева 2003 жылдан бері сегіз жыл бойы №40 мектептің директоры қызметінде болды. 2011 жылдан бастап Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Ал биыл ол екі рет қызметін ауыстырды. Алдымен қала әкімінің орынбасары, кейін облыстық білім басқармасының басшысы атанды.

Айтуынша, өткен жылда аса қатты қиындық көрмеген. Дегенмен, оның сөзінше, өмір қиындықсыз болмайды.

«Жұмыс барысында, отбасы жағдайында түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Қиындықты жеңудің жолдарын білсең, кез келген белесті бағындыруға болады. Өмір қиындықтарға, қуанышқа толы. Өмір сонысымен қызық», — деді ол.

Сондай-ақ, Ләззат Оразбаева 2018 жылға арналған негізгі жоспарымен бөлісті. Бірінші кезекте аудандардағы білім мекемелерін қарап шығатынын айтты.

«Жаңа қызметке келген соң, 2018-де облыс бойынша аудандардағы білім мекемелерін білуім керек. Бұрын тек мектептермен, балабақшамен және қосымша білім беру мекемелерімен ғана жұмыс істесем, енді колледждермен де таныстым. Келер жылдағы негізгі мақсатым — әр аудандағы білім мекемелерімен толық танысып шығамын. Себебі әр аудандағы білім мекемелерінің өзіндік қиыншылығы бар. Бұл табиғи ортасына немесе басқа жағдайға байланысты болуы мүмкін. Содан кейін апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу қажет», — деді Ләззат Оразбаева.

Әңгіме соңында облыстық білім басқармасының басшысы ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Барлық қазақстандықтарды, ақтөбеліктерді, өз әріптестерімді, педагогтарды келе жатқан ит жылымен құттықтаймын! Ит — жеті қазынаның бірі. Сондықтан 2018 жыл өте құтты, жақсы жыл болады деп ойлаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Барлығына жақсылық, отбастарына аманшылық, қызметтеріне береке, бірлік, тек қуаныш тілеймін!, — деді ол.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

2 комментария


  1. Ләззат Аманжолавамен жақында кездестім, жақсы жаналығымен бөлісті , жақын арада мүгедек балаларға тағы бір арнайы мекеме Ақтөбе қаласында ашылады дейді, сəттілік! Себебі 2000 жақын мүмкіндігі шектеулі баларға бір ППТК аз. Өкішішкі орай осындай ерекше мамандардың көмегі қажет балалар, жыл сайын көбіюде)))

    Жауап беру

  2. Өте қуаныштымын. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болса, балаларымыз да бақытты, білімді, көрегенді, сабырлы болып өседі деп білемін. Жылымыз құтты болсын. Лəззат айналайын халық алдында атқарып ісіңе Жаратушы Жаратқан абырой берсін, сəттілік тілеймін. Зиба Қандыағаш.

    Жауап беру

Пікір қалдырыңыз