Ақтөбелік ер адам әйелін балаларының көзінше пышақтап тастады (фото)

Ақтөбелік ер адам әйелін балаларының көзінше пышақтап тастады (фото)

Ақтөбеде әйелін балаларының көзінше пышақтап тастаған ер адамның әрекеті елді шошытты. Өзінің де, балаларының да өмірі қауіп үстінде екенін айтқан келіншек көмек сұрайды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Пышақталған келіншек. Фото зардап шегушіден алынды
«Пышақтап тастаған жолдасым бостандықта жүр. Ол балаларымның көзінше қансыратып тастады. Дәрігер де шақырған жоқ. Оның үстіне балаларыммен қосып өлтіремін деп қорқытып отыр. Оқиға 19 желтоқсан күні таң ата болды. Ол сол күні түнде ішіп келген болатын. Біз саяжайда тұрамыз, таңғы сағат алтыда ерте тұрып от жағамын. Үйге отын кіргізіп жатқан кезде жолдасым оянып кетті. «Жұмысқа бармайсың» деп балағаттады. Сол кезде үстел үстінде тұрған пышақты алып, менің санымды кесемін деп ұмтылды. Пышақпен киімдерімді жыртты», — дейді Айсұлу Акиева.
Ақтөбеде әйелінің жүрегіне пышақ сұғамын деп бірнеше жерін жарақаттап тастаған ер адам бостандықта жүр

Жәбірленушінің айтуынша, ол жолдасымен 14 жыл некеде болған. 13 жастағы қызы мен алты жасар ұлы бар. Жолдасының тұрақты жұмысы жоқ, әр жерге барып, жүк тасушы болып жұмыс істейді.

«Айқай-шудан балалар оянып кетті. 13 жастағы үлкен қызымнан бірден сіңіліме хабарласып, жедел жәрдем шақыртуын сұрадым. Сол кезде қызымның қолындағы телефонды лақтырып, сындырып тастады. Өзі «жүрегіңе пышақ тығып өлтіремін» деп ұмтылды. Мен қорғану үшін кеудемді қолыммен баса бердім. Сол кезде қолымның бірнеше жерін пышақтады. Дәрігер шақырып, ауруханаға түскен болатынмын», — дейді келіншек.

Ерлі-зайыптылар екі жылдай бөлек тұрған. Кейін қайта қосылғанымен, араларындағы айқай-шу басылмағанға ұқсайды.

Ақтөбеде әйелінің жүрегіне пышақ сұғамын деп бірнеше жерін жарақаттап тастаған ер адам бостандықта жүр

«Сол екі жыл бұрын оны үйден қуып жібергенімде, ол маған шеге тыққан болатын. Бірақ, ол кезде мен еш жерге шағым түсірген жоқпын. Қайта қосылғаннан кейін жағдай қайталанып тұр. Қазір екі балам да мектепке баруға қорқып отыр. Ауылдан шешемді шақырттым. Балаларды мектептегі психологқа қаратып жүр. Жолдасым әртүрлі нөмірден хабарласып, бізді өлтіретінін айтады. Полицияға жазған арызымнан көмек болмай тұр. Олар оны әлі қамамаған. Сондықтан мен осылай елдің алдына шығып көмек сұрауға мәжбүр болып отырмын», — дейді Айсұлу Акиева.

Ал облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі келіншектің арызымен Елек полиция бөлімшесінің мамандары айналысып жатқанын айтты.

Пікір қалдырыңыз