Ақтөбеде қырық жыл бойы дәрігер болған азамат қаңғыбастар үйін паналап жүр

Ақтөбеде қырық жыл бойы дәрігер болған азамат қаңғыбастар үйін паналап жүр

Ақтөбедегі белгілі тұрағы жоқ адамдарды бейімдеу орталығына өмір бойы дәрігер болып жұмыс істеген азамат көмек сұрап келген. Зейнелғабди Оразалин Ақтөбедегі бірнеше ауруханада жұмыс істегенін айтады деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

«Қазір айтсам сенбейсіз, мен 40 жыл дәрігер болған адаммын. Өмір бойы невропатолог болып, медицина саласында жүрдім. Сенесіз бе, сенбейсіз. Мені ішімдік құртты, ішіп қоямын. Қазір енді қоя алмай жүрмін. Бүгінде атағы шығып, қызметте жүрген барлық дәрігерлерді танимын. Бірақ, оларға мен қазір керек емеспін», — дейді Зейнелғабди Оразалин.

Қырық жыл бойы невропатолог болған маман ішімдікке салынғаннан кейін отбасынан да, абыройдан да айырылған.

«Менің отбасым болған, қазіргі жүрісім осы. Ішімдікке салынған адам емеспін, тек анда-санда ішемін. Бір ұл, бір қызым бар. Қызым үлкен 1975 жылғы, оның өз өмірі бар. Ұлым кішкентай, Астанадағы медициналық университетті бітіргеніне көп болған жоқ. Ол да мен сияқты дәрігер болғысы келеді. Балам «бақпаймын» деп айтқан емес, ол кішкентай. Әйелім Жамбыл облысында тұрады. Осыған дейін інімнің үйіне барып тұрдым. Оның өзі пәтер жалдап тұратын болған соң ол үйден де кетіп қалдым», — дейді Оразалин.

Бұрынғы дәрігердің бейімдеу орталығын паналап жүргеніне бір айдан асқан.

Пікір қалдырыңыз