Қаңғыбастарға арналған орталық қызметкерлері өз тұрғындарына концерт қойып берді

Қаңғыбастарға арналған орталық қызметкерлері өз тұрғындарына концерт қойып берді

Ақтөбедегі белгілі тұрағы жоқ және қылмыстық жазасын өтеген тұлғаларды бейімдеу орталығының қызметкерлері өз тұрғындарына концерт қойып берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы қаңғыбастар үйінде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт болды. Мерекелік шара кезінде орталық қызметкерлері ән айтып, Қайрат Рысқұлбековтың соңғы хатын сахналады. Сонымен қатар, орталықты паналап отырған адамдар өнер көрсетті. Мерекелік шара кезінде «Желтоқсан желі», «Қара бауыр қасқалдақ» әндері шырқалды.

«Тәуелсіздік алған жылдары елдегі әлеуметтік жағдайы қиын болды. Азық-түлік талонмен беріліп, өндірістер тоқтады. Арада 26 жыл өткенде Қазақстан адам танымастай өзгеріп, елімізді әлем таныды», — деді орталық директоры Сабырғали Дәулетов.

Мұнда қазір 60-қа жуық адам бар. Көбі көше кезіп, далаға түнеуді, қыста орталықты паналауды әдетке айналдырған. Кейбірі құжаттарын түгелдеу үшін орталық мамандарының көмегіне жүгінеді.

«Орталыққа қазан айында келіп, қазір құжаттарымды қайта қалпына келтіріп жатырмын. Келіншегім қаза болып, екі балам үйленді. Өзім 70 жасқа толамын. Бұған дейін мал бағып, ауылда жүрдім. Енді күшім кетті. Сондықтан құжаттарымды қайта қалпына келтіріп, қарттар үйіне орналасқым келеді. Балаларымның отбасына араласып, кедергі келтіргім келмейді», — деді орталық тұрғыны Абай Саржалин.

Пікір қалдырыңыз