Ақтөбедегі ақындар айтысын Қалқаман Сарин емес, танымал сатирик Көпен Әмірбек жүргізетін болды

Ақтөбедегі ақындар айтысын Қалқаман Сарин емес, танымал сатирик Көпен Әмірбек жүргізетін болды

Ақтөбедегі ақындар айтысын осыған дейін хабарланғандай, ақын Қалқаман Сарин емес, сатирик Көпен Әмірбек жүргізетін болды. Ұйымдастыру барысында келіспеушіліктер туындап жатқаны жайлы жергілікті ақындар арасында да айтыла бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Aktobenews.kz тілшілері облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваға бірнеше күннен бері хабарласа алмай отыр. Белгілі болғандай, кейбір ақындар айтысқа қатысудан бас тартқан. Осыған дейін қатысушылар тізімінде Аян Сейітов, Талғат Мықи, Нұрлан Мұсаев, Бекарыс Шойбеков, Асхат Қылышбеков секілді ақындар болған еді, алайда жаңа тізімде олардың есімдері аталмаған.

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған «Жыр арқауы — Жаңғыру» атты Республикалық ақындар айтысы 14 желтоқсан күні сағат 15-00-де Өнер орталығында өтеді. Аталған шараны Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі. Бас бәйге – Алтын домбыра.

«Бұл жолғы жыр додасының басты тақырыбы ел Тәуелсізідігінің мерейлі мерекесіне арналғандықтан, айтыстың басты тақырыбы еліміздің жетістіктері мен дамуы, сондай-ақ, егеменді еліміздің қалыптасу тарихы», — дейді шығармашылық үйінің өкілі Гүлнар Сейіталина.

Оның айтуынша, осы жолы айтыста еліміздің 10 суырып салма ақыны өзара сынға түседі. Атап айтсақ, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, Әсет Дүйсебаев, Жарқынбек Наушабек, Сырым Әуесхан, Саадат Нұрманов, Қуаныш Шарманов, Аслан Ғафуров, Данияр Алдабергенов.

Айтысты ақын, сатирик, «Ара» журналының бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Президенті мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты Көпен Əмірбек жүргізетін болды.

Әлішер Садық, Қамбар Мұқаш, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз