«Халық жауы» Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпағы ешкімге қол жаймай, аталарына Ақтөбеде ескерткіш тұрғызды

"Халық жауы" Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпағы ешкімге қол жаймай, аталарына Ақтөбеде ескерткіш тұрғызды

«Халық жауы» атанып, жазықсыз атылған Ұзақбай Құлымбетовтың қызы әділдікке әрең қол жеткізгенін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Биыл қалада жаңадан бой көтерген №64 орта мектептің ауласына Ұзақбай Құлымбетовтың ескерткіші орнатылды. 30-шы жылдары Қазақ өлкелік Орталық Атқару Комитетін басқарған Ұзақбай Құлымбетов «ұлтшыл» деген жалған айыппен 1937 жылы ату жазасына кесілді. Кейін дәлелдің болмауынан 1958 жылы ақталады.

Құлымбетовтың қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева жастайынан талай қорлық көргенін айтты.

«20 жыл бойы «халық жауының» қызы болдым. Алғаш рет 1952 жылы тарих пәнінен сабақ беруге барғанымда, «халық жауының қызы оқытпасын, балаларды теріс үйретеді» деп менің соңыма түскендер бар. Бірақ сабақты жақсы бергеннен кейін, балалардың құрмет-беделіне ие болғаннан кейін мені қудалауды қойды», — деді 85 жастағы зейнеткер.

Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Ол жиналған жұртты айтулы шарамен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз өзіміздің тарихымызды ұмытпауымыз керек. Жастарға, халыққа тәуелсіздік үшін жанын қиған азаматтарды, олардың еңбектерін кеңінен насихаттауымыз қажет. Осыдан 100 жыл бұрын алашордалықтар қазақ елінің тәуелсіздігі жайында мәселе көтерді. Солардың қатарында болған Ұзақбай Құлымбетов қарапайым мұғалімнен бастап, өлкелік атқару комитетінің төрағасы қызетін атқарған. Ол аз уақыт өмір сүрсе де, артында өшпес із қалдырды», — деді Бердібек Сапарбаев.

Ескерткіш орнату бастамасын Орынша Қарабалина-Қазыбаева өзі қолға алған. Ол өзінің және інісінің балаларын жинап алып, ескерткішке қаражат жинау керектігін айтқан.

«Мына заманда сұрай беру ұят қой. Балаларыма «өз қаржымызға ескерткіш салайық» деп айттым. Бәрінің ақшасын қосып, мүсінші Ескен Серкебаевқа бардым. Ол бір айдың ішінде мүсінді жасап болды. Астындағы тасын Алматыдан тасымалдауға көмектескен жандарға алғысым шексіз», — деді қуанышын жасыра алмаған Орынша әже.

Бұдан бөлек, ол №64 мектепке Ұзайғ,қбай Құлымбетовтың есімін беруге атсалысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысын жаудырды.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

1 пікір


  1. Сабит Баймолдинге бір мектеп атауын берсе көмек қолын созар едік

    Жауап беру

Пікір қалдырыңыз