Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде болашақ полицейлер лық толы залды күлкіге қарық қылды (ВИДЕО)

Ақтөбеде болашақ полицейлер лық толы залды күлкіге қарық қылды (ВИДЕО)

Ақтөбе заң институтының курсанттары көңілді тапқыштар клубы ойынында ректор кубогін жеңіп алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде жоғары және арнайы орта оқу орындары арасында КТК ойындары өтті. Барлығы сегіз команда қатысуға тілек білдірді. Бас жүлде — АӨМУ ректорының кубогі және 100 мың теңге.

«Қашаннан бері бізді Zello-дан көре бересіздер? Сахнадан да көріңіздер» деп бастаған заң институтының курсанттары бәрін күлкіге кенелтті. Төрт жыл бұрын құрылған «Қорған» командасы бұрын-соңды бірінші орын алып көрмеген. Кешегі додада бұл команда жоғарғы лигада өнер көрсетіп жүрген әділқазы мүшелерін де таңғалдырған.

Жаңа жетекшімен және жаңа құраммен сахнаға шыққан «Қорған» командасы үш апта бойы қызу дайындалған.

«Жігіттер үш апта бойы ұйқы көрген жоқ. Таңғы сағат 7-ден бастап, түнгі 12-ге дейін сайысқа дайындалды. Тұңғыш Президент күні де барлығы демалыс алса, 19 бала ешқайда шықпай, жұмыс істеді», — деп ағынан жарылды команда жетекшісі Бекжан Елеусізов.

Команда құрамында басты рөлдерді сомдаған екі жігіт болды: екінші курс курсанты, команда капитаны Рустам Сағынтаев және бірінші курс курсанты Саламат Бекқожиев.

Дегенмен, жетекшінің сөзінше, бір ғана адам ештеңені шеше алмайды. Жеңіске жетудің құпиясы — команданың ұйымшылдығы.

Тәрбие ісі жөніндегі инспектор Бекжан Елеусізов сценариді өзі жазғанын және қойылым басшының рұқсатымен ғана сахналанатынын мойындады.

«Бізде плагиат жоқ. Өмірден алынған қалжыңдар ғой. Сахнада күнделікті істеп жүрген жұмысымызды көрсеттік. Мәселен, екі жігіт келе жатыр. Полиция қызметкері олардан құжат сұрайды. Қазір бәрі телефон алып, полицейді түсіре бастайды. Мойындаймын, қателіктер болады. Соны түйедей қылып көрсетеді. Ал ерліктер сахнаның артында қалып қояды. Сол қойылымды басшылыққа көрсеттік. Полковниктерге ұнағасын, қарапайым аудиторияның да көңілінен шығады деп ойладық», — деді команда жетекшісі.

Айта кетейік, жетекшінің өзі өнерге жақын адам. Айтуынша, Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде білім алған. Ата-анасы заң саласында жұмыс істегесін, құқық қорғау саласын таңдаған.

Алғашқыда жеңіп алған 100 мың теңге команда мүшелеріне таратылады деп шешілген. Алайда, кейін Саламат Бекқожиевтің бастамасымен жігіттер командаға микрофон, нетбук алуды ұйғарған.

«Сенбі күні оларға бір күндік демалыс береміз. Сосын екі жігітті дүкенге апарамыз, олар өздеріне қажетті құрал-жабдықтарды алады. Алдағы уақытта Астанада Сарбаздар кубогіне КТК-дан жарыс болады. Соған қатысатын ойымыз бар», — деп жасырмады Бекжан Елеусізов.

Сондай-ақ, команда жетекшісі курсанттарды кезекшіліктен уақытша босатқаны үшін курс бастықтарына алғыс білдірді.

«2 курс бастығы Нұрлан Қажығалиев, 1А курсының бастығы Мұрат Ешманов, 1Б курсының бастығы Арман Маханов түсіністік танытты», — деді ол.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *