Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде мыңнан аса намазхан жігіт балаларына алимент төлемей безіп жүр

Ақтөбеде мыңнан аса намазхан жігіт балаларына алимент төлемей безіп жүр

Ақтөбеде баласына алимент төлемей қашып жүрген намазхан жігіттердің саны мыңнан асып жығылады. Сол себепті облыстық дін істер басқармасы имамдарға отбасы құндылықтарына қатысты уағыздарды көбейтуге ұсыныс жасаған. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Қазіргі таңда біздің жұмысымыз дін істер басқармасы болғаннан кейін қоғамдағы барлық діндердің тең жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Ислам дінінің қазақ қоғамында алар орны ерекше. Сондықтан қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерге діннің де қызмет етуі қажет деп санаймын. Қазір біз отбасын құрып, көп ұзамай ажырасып кетіп жатқандарды көріп жүрміз.

Қоғамда жалғызбасты аналардың көбеюі байқалады. Әкесіз баланың тәрбиесі үлкен мәселе. Бала дүниеге келгенде үш тәрбиені қатар алады. Соның ішінде ең бастысы — отбасылық тәрбие. Бала ана мен әке тәрбиесін қатар алу керек. Әке тәрбиелеген бала ананың мейірімін көрмесе, анасында болып, әкенің ұстанымын көрмеген балада кемшіліктер болуы мүмкін», — дейді Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.

Ол баласына алимент төлемей отырғандардың қатарында мешіт жамағатының да бар болғанына өкініш білдірді.

«Ақтөбе облысында 5 мыңға жуық ата-аналар балаларына алимент төлемей жүр екен. Оның 20-25 пайызы діни жамағаттың өкілі болып саналады. Өмірге әкелген баланы тәрбиелемеу, оны қамтамасыз етпеу қазақ үшін де, мұсылман үшін де жат нәрсе. Қазақ — жесірін де, жетімін де жылатпаған ел.

Қазіргі таңда әйеліне талақ айтып, бірінші отбасын ұмытып кетіп жатқандардың арасында дінде жүрген азаматтар да бар. Әрине, бұл өкінішті. Сол себепті, мен облыстағы барлық имамдарға уағыздар арасында отбасы құндылықтарын насихаттасақ, түсіндірсек деген ұсыныс айтып жатырмын», — дейді Жолдас Қалмағанбетов.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *