Ақтөбеде «Оқитын өлке» акциясына Қажығали Мұханбетқалиұлының туындылары таңдалды

Ақтөбеде "Оқитын өлке" акциясына Қажығали Мұханбетқалиұлының туындылары таңдалды

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Оқитын өлке» облыстық акциясына Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Қайдасың сен, махаббат» туындысын таңдап алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Биыл Байғанин жерінің перзенті, туған жері ерекше мақтан тұтатын қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы 75 жаста. Осыған орай С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей интернатында «Қазақ әдебиетіндегі тұғырлы тұлға» атты әдеби сағатын ұйымдастырды. Шараның мақсаты — қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу», — дейді кітапхана өкілі Гүлжан Өтеген.

Шараға облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагер журналисі, «Қазақстанның құрметті журналисі» Кәдірбай Бекмағамбетов, кітапхананың оқырманы, зейнеткер Сайлаубай Бекмағамбетов, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Назира Азимова, өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы, психолог Кенжегүл Жантикенова және қазақ-түрік лицейінің оқушылары қатысты.

Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы 1942 жылы 8 желтоқсанда Байғанин ауданы Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушының шығармалары – өмірдің өзінен алынып, айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар, өзіндік құнарлы да қарапайым тілімен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген туындылар.

Жазушының «Мінез», «Ескі достар» прозалық шығармалары, «Дала әуендері», «Қарымта», «Қаңтардың қара суық түні», «Бір машина шөп» деген әңгімелері сонымен қатар, ол қазақтың ХVIII ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы, әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізді.

Сырым Датұлы туралы баяндалған суреткердің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Тар кезең» тарихи романы 2012 жылы жарыққа шықты. Қажығали Мұханбетқалиұлы өз машығы мен мәнерін қапысыз тапқан, үлкен эпосқа үлкен дайындықпен, бай тәжірибемен бет алған жазушы. Оның шығармалары келер ұрпақ үшін мол мұра болып қалмақ.

Шараға келген Кәдірбай Бекмағамбетов жасөспірімдерге жазушының қазақ тарихындағы қилы кезең арқау болған туындысында жатқа тізгінін бермеген, азаттық туын алғаш көтерген ардақты тұлға Сырым Датұлының қайталанбас қайсар рухтағы ерлігі мен қасиеттері шығармада барынша шынайы суреттелгені, қазақ халқының өткен кезеңіндегі оқиғалардың көркемдік болмысын кең тынысты, байыпты да, байсалды көрсете білуімен ерекшеленетіні туралы мәлімет берді.

Ал Сайлаубай Бекмағамбетов оқырмандармен қаламгер туралы ой бөлісіп, оның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, оқушыларға кітап оқуға кеңес берді. Сонымен қатар, қазақ-түрік лицейінің оқушылары Асмир Надырханов, Нұрислам Тлеулиев ақын Сағи Жиенбаевтың «Әже мен немере», «Қурай» өлеңдерін, Нұрхан Оразбаев, Әкежан Амангелді ақын Есенбай Дүйсенбайұлының «Таңға жол», «Жауалмай кеткен бұлттар-ай» өлеңдерін және Азамат Әлқуат, Ерназар Қуан мен Медет Жандырбай ақын Нұрлыбек Қалауовтың «Сыр өлеңін», «Ақ жауынды» нақышына келтіріп жатқа айтып берді.

Сонымен қатар, жастарға «Қазақ әңгімесінің айтулы шебері» слайды көрсетіліп, «Киелі Жем өңірінің төл перзенті» кітап көрмесі таныстырылды. Шара соңында осы лицейдің оқушысы Әділет Айқожа сазгер Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін орындап, Ерназар Қуан өткізілген шарадан алған әсерімен бөлісіп, өзінің тілегі мен рахметін айтты.

Самат Бижанов, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз