Ақтөбедегі жасөспірімдер кітапханасы «Теңгемен танылған елміз» атты викторина өткізді

Ақтөбедегі жасөспірімдер кітапханасы "Теңгемен танылған елміз" атты викторина өткізді

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Теңгемен танылған елміз» деген тақырыпта танымдық викторина ұйымдастырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты — жастарды ұлттық валюта — теңгенің шығу, қалыптасу тарихымен таныстыру.

«Жастардың туған жеріне, отанына сүйіспеншілігін ояту. Патриоттық рухқа, өз мемлекетіне деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдеріне тәрбиелеуді көздедік. Шараға №39 орта мектебінің оқытушысы, мектеп кітапханашылары мен жоғарғы класс оқушылары, «Құрдастар» клубы мүшелері қатысты», — дейді кітапхана қызметкері Гүлжан Өтеген.

Оқушыларға қазіргі айналымдағы банкноттар жайлы, теңге, монетаны жасаудағы дизайнерлер мен қылқалам шеберлерінің еңбегі айтылды. Қатысушылар әр мемлекеттің аты аталғанда сол елдің ұлттық валютасының атауларын атап, ақшаның тұрақсыздануы, құнсыздануы, алғашқы тиындар қай жерде жасалды, ұлттық валюта — теңге айналымға шыққан мерзім, т.б көптеген сұрақтарға жауап іздеді.

«Сондай-ақ ақша, байлыққа байланысты халық ауыз әдебиетінің бір түрі мақал-мәтелдерден де жарыс болды. Танымдық викторинада Хамида Даутова, Қайырбек Аманжолұлы, Әділет Жандырбай, Гауһар Есенғерина және т.б оқушылар белсенділік танытты. «Теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы» бейнежазбасы, «Ақша – уақыт тынысы» слайды көрсетіліп, «Теңге – мемлекет келбеті» кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу өткізілді», — дейді Гүлжан Өтеген.

Самат Бижанов, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз