Гүлмарс Аманбаева: Таяқ лақтырсаң, эстрада әншісіне тиеді, бірақ оларды танымайсың

Гүлмарс Аманбаева: Таяқ лақтырсаң, эстрада әншісіне тиеді, бірақ оларды танымайсың

Aktobenews.kz сайты дәстүрлі әнші Гүлмарс Аманбаевамен сұхбатты ұсынады. Әнші Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туып өскен. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны бітірген термеші Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы музыкалық колледжде ұстаздық етіп жүр.

— Гүлмарс қалай әнші болды, өнерге қалай келдіңіз?

— Әнші боламын деп армандаған жоқпын. Мектепте жүргенде музыка пәнінен домбыра шертуді үйрегенім бар. Консерваторияға анам сүйреп апарды. Телевизордан әншілерді көрсетіп «сен де осындай боласың» деп отыратын. Мен анамның армандағанына күлетін едім. Өзім ағылшын факультетіне түскім келді. «Бағымызды сынап көрейік» деп анам Алматыға баруға көндірді. Қолымда домбырам да жоқ. Жолда Түркістан қаласынан күйдірілген домбыра сатып алдық. Консерваторияға кіргенде студенттердің ән айтып жатқан дауысын естіп, ауызым ашылып қалғаны бар. Олар менің қабілетімді білу үшін домбырамен ән айтуымды сұрады. Анам жүгіріп домбыраны әкеліп жүр. Мен сол кезде қырсықтықтан қолымда тұрған тиекті сындырып тастағанмын.

— Танымалдылықты қай кезден бастап сезіндіңіз?

— Консерваторияға түскен соң араға төрт жыл салып, сахнаға шыға бастадым. Шетелге гастрольдік сапарларға ертіп апаратын болды. Сол кезде менің де өнерге деген қызығушылығым арта бастады. 2001 жылы Ташкент қаласына бардық. Үлкен залда өнер көрсеттік. Жақсы орындаған болуым керек, халықтың қошеметі ерекше болды. Концерт біткен кезде қолтаңба алуға жүгіріп келген тыңдармандарды көргенде бір марқайып қалдым. 2003 жылы Германияға бардық. 2005 жылы Франциядағы Қазақстан күндерінде өнер көрсеттік. Осындай гастрольдік сапарларға шығу арқылы өз тәжірибемді жинақтадым. Өнерде бос жүрмегенімді сезіндім. Осыдан кейін телебағдарламаларға қатысып, халық алдында көріне бастадым.

— Бүгінде дәстүрлі әнге сұраныс қандай?

— Сұраныс жоқ деп айта алмаймын. Бұрын дәстүрге қатысы бағдарламалар да көп еді. Қазір тысқары қалатын кездеріміз көп. Дәстүрге ешкімның жаны ашымайды деп айта алмаймыз. Бүгінде домбырамен ән айтуға бет бұрып жатқан жастар өте көп. Кішкентай балалардың өзі қолына домбыра алып «Айнамкөзді» шырқаған кезде таң қаласың.

— Эстрада әншілеріне көзқарасыңыз?

— Таяқ лақтырсаң әншіге тиеді. Эстрадалық әншілер өте көп. Біз білмейтін әншілер қаншама?! Қазір дәстүрлі әншілердің өздері эстрадамен айтады. Бірақ, таза эстрадамен айналысып жүрген адамдардан дәстүрлі әншілердің эстрадамен айтқан әндерін салыстырсаңыз екеуі екі бөлек. Дәстүрлі әншілер сауатты орындайды. Кез келген эстрадалық әнші жанды дауыста айта алмайды. Олардың дені той әндерін орындап жүргендер. Оның бәрі уақытша әндер. Ал, Шәмшінің әндерін ғасырлар бойы айтатын боламыз. Қазір заманға байланысты әндеріміз жеңіл болып барады. Кез келген әнші әнді жанды дауыста айтып үйрену керек.

— Ырымға сенесіз бе?

— Жоқ. Көбісі қызыл тағып, жұмыртқа ішу керек деп айтады. Менде осы күнге дейін концерт алдында тамақ ауруы деген проблема да болмапты. Тек сахнаға шығардың алдында көп сөйлемей, суға түспей дайындаламын. Суға түссең, кір жусаң қолың жібіп кетеді деген бар. Мен тек іштей дайындаламын. Сахнаға бір рет шығамын, сол кезде өзімді көрсете алуым керек деп тұрамын.

— Қазір сізде қандай жаңалықтар бар?

— Тұрмысқа шықтым, бөпем бар. Жолдасым өнер адамы болмаса да өнерді жақсы бағалайтын азамат. Бұрын бойдақ кезімде қалай да танылуым керек деп үнемі ізденісте жүретін едім. Әйел адам болған соң бізге тұрмыс құру парыз. Бөпем әлі кішкентай. 33 жасымда тұрмысқа шықтым, 34 жасымда ана болу бақытын сезіндім.

— Қазір карьера қуып жүріп қалған қыздарға екінші әйел болу керек деген пікір жиі айтылады. Оған сіздің пікіріңіз қандай?

— Ол сұраққа мен жауап бермей-ақ қояйын. Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Әркім өз өмірін біледі. Пешенесіне жазылғанды көреді. Мен бұл сұраққа қатысты ештеңе айта алмаймын.

— Әнші халықтың қошеметіне бөленіп үйренген адам. Олар отбасыда да өзіне көбірек көңіл бөлуді талап ете ме?

— Менде ондай жоқ. Отбасыма келгенде аналық кейпіме енемін. Әйелдік міндетімді атқарамын. Өнер адамдары қошеметті жақсы көреміз. Мақтаса марқайып қаламыз. Арасында мақтағанды, алда болғанды қалайтын кездер болады. Бірақ мақтаншақтық менің табиғатымда жоқ. Табиғатымда жоқ мінезді жасанды түрмен де шығара алмайсың.

Сұхбаттасқан Ардан Сердалы, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз