ЕО Орталық Азияға терроризм бойынша сарапшылар жібереді

ЕО Орталық Азияға терроризм бойынша сарапшылар жібереді

Еуропа Одағы Орталық (ЕО) Азиядағы дипломатиялық өкілдіктерде қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін қызметкерлер санын арттыруға шешім қабылдады деп мәлімдеді ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини. «Бірнеше ай бұрын терроризммен күрес бойынша сарапшылар ауқымын кеңейтуге, әсіресе мұны ЕО-ның Орталық Азиядағы елшіліктерінде ұлғайтуға шешім қабылдадық» деді Могерини.

Оның пікірінше, қазір әлем қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бергі ең күрделі және ең қауіпті кезді бастан өткеріп отыр. Могерини осыған қарамастан қауіпсіздік, экономикалық өсім және аймақтық әріптестікті арттыру салаларындағы қиындықтарды еңсеруге мүмкіндіктер жетерлік екенін айтты.

«Жастардың радикалдануы мәселелері бізді алдын алу шараларын бірлесе іздестіруге және халықаралық терроризм құбылысымен күресуге мәжбүрлеп отыр. Әрине, қауіпсіздік саласындағы ортақ мүдделерді тізімін ұзарта беруге болады. Ынтымақтастық — біз үшін мұндай қауіп-қатерлермен күрестің жалғыз жолы және бұл жерде барынша тығыз байланыста жұмыс атқару керек» деді Федерика Могерини.

Өзбекстандық Podrobno.uz ақпараттық сайтының хабарлауынша, Могерини бұдан өзге 10 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуінің қорытындысы туралы да айтты.

«Өзбекстан президентімен өте ұзақ және өнімді келіссөз жүргізу мүмкіндігім болды. Біз ел басшылығы жүргізіп отырған маңызды, әсерлі реформаларды талқыладық. Мен ЕО-ның бұл реформаларды жақын уақытта нақты нәтижелер береді деп қолдайтынын айттым және президент алда жүргізілетінінен хабардар еткен реформаларға қолдау білдірдім» деді Могерини.

azattyq.org

Пікір қалдырыңыз