Ақтөбеліктер балаларын әскерге аттандырып жатыр (ФОТО)

Ақтөбеліктер балаларын әскерге аттандырып жатыр (ФОТО)

Балаларын әскерге жіберуге қимай отырса да, ата-аналар көздеріне жас алып, ақ батасын берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Еркін Насибуллаев — 20 жастағы Мәртөк ауданының тұрғыны. Үйіндегі жалғыз ер бала әскерге өзі барғысы келген. Айтуынша, ата-анасы қарсы болмаған, керісінше, ақ батасын беріп, ақ жол тілеген.

Еркін Насибуллаев

«Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет атқаруға дайынмын. Бір айдан кейін әскери борышымды адал атқаруға ант беремін. Қандай қиындық болмасын, ауыр жүкті көтеруге даярмыз. Мен өзіммен бірге Семей жақтағы Аягөз қаласына аттанып бара жатқан 40 адамның атынан сөйлеп тұрмын. Ешқандай қорқыныш сезімі жоқ. Керісінше, қуаныштымын», — деді жас сарбаз нық сеніммен.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жігіттерге сәт-сапар тілеп, батыр бабалардың ерліктерін ұмытпауын сұрады.

«Ақтөбе — құтты мекен. Бұл өңірден талай батырлар шыққан. Қобыланды батыр, Есет батыр елін қорғаған. Солардың ерлігін Әлия жалғастырған. Ақтөбе — батырлардың мекені. Елді білекпен емес, жүрекпен қорғау керек», — деді Ербол Нұрғалиев.

Ақтөбе облысы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Сейіткерім Арапбаевтың сөзінше, жыл сайын Ақтөбе облысынан 2 мыңнан аса сарбаз әскерге атанады.

«Бүгінгі таңда 1,5 мың азамат әскерге жол тартты. Облыс көлемінде әскерге шақыру комиссиялары құрылды. Оған қаржы бөлініп, барлығы толық жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні әскерге барам деушілер жеткілікті. Ең алдымен әскерге өз еркімен барам деген азаматтар, денсаулығы мықты және білімі бар азаматтарды қабылдаймыз», — деді облыстың бас әскери командирі.

Запастағы полковник Қажымұқан Сәтенов жиналып тұрған ата-аналардан сабыр сақтауын сұрады.

«Ауғанстанға ешқандай айқай-шусыз шығарып салатын еді. Ғарышқа да бір жылдан артық уақытқа ұшады. Әскердегі бір-ақ жыл көзді ашып жұмғанша өте шығады. Келесі жылы да осы саппен кездесейік», — деді ол.

Алайда, жас сарбаздар автобусқа мінерде олардың ата-аналары мен достары арттарынан ұмтылды. Ата-аналары балаларын, қарындастары ағаларын құшақтай жөнелді.

Біреулер достар болып суретке түсіп жатты. Екіншілері көздеріне жас алып, қимастықпен шығарып салды. Бірақ бәрін бір арман ортақтастырып тұрды — бәрі де елдің тыныштығын қалап отырды.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз