Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды. Жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР бас прокурорының орынбасары А. Лукинді «Халықтық кеңсе» жұмысымен таныстырды.

Жұмысын осы жылдың 25 қыркүйегінде пилоттық тәртіпте бастаған «Халықтық кеңсе» қызметі алғашқы күннен бастап-ақ үлкен сұранысқа ие – ашылғаннан бері халыққа 20 мыңнан аса қызмет көрсетілді.

«Халықтық кеңсе» іске қосылымен ақтөбеліктер бір мемлекеттік қызметті алу үшін түрлі сатыларды араламайтын болады. Мамандар тиісті мемлекеттік органдарға жіберуі үшін өтініш жазса ғана болғаны. Бүгінде мұнда қызметтердің 600-ден аса, соның ішінде мемлекеттік түрі көрсетіледі. Бұдан өзге Ақтөбе қаласының әкімі мен оның орынбасарлары «Халықтық кеңседе» азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды.
Жоба мемлекет басшысының «Жүз нақты қадам» ұлт жоспарындағы транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекетті құру бөлімінде көрсетілген тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.

Жергілікті атқарушы органдардан өзге «Халықтық кеңседе» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, «Даму» қоры, коммуналды кәсіпорындардың өкілдері және тағы басқалар жұмыс жасайды. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «ҚазПошта» АҚ да орналасқан.

Андрей Лукин, сондай-ақ, «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан Құқықтық қызметтер орталығының жұмысымен де танысып шықты. «Халықтық кеңсе» — ҚР бас прокуратурасының бастамасымен облыстық прокуратураның облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырған жобасы. Жобаның мақсаты – азаматтардың мемлекеттік және құқыққорғау органдарына деген сенімін арттыру, олардың жүгіну құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сапалы құқықтық қызметтерге «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізуді арттыру.

Орталық құқық қорғау және атқарушы органдармен мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдану сұрақтары бойынша көрсетілетін құқықтық қызметтердің барлық түрін ұсынады. Мұнда ақтөбеліктер прокуратура, ішкі істер, әділет органдарының, облыс әкімдігінің қызметкерлерінің, сондайақ, қорғаушылар мен медиаторлардың кеңестерін алуға мүмкіндіктері бар.

Андрей Лукин Құқықтық қызметтер орталығының қызметін жоғары бағалады.

«Менің ойымша, бұл жұмысты жалғастырып, кеңейту керек. Оған қоса, орталық қызметін аудан тұрғындары пайдаланады. Оларға енді түрлі мемлекеттік органдардың ұзын-сонар кезегіне тұрудың қажеті жоқ. Ең бастысы, бұл азаматтардың түрлі сұрақтарын шешуде мемлекеттік және құқыққорғау құрылымдарының жұмыстарын қол жетімді әрі ашық етеді», — деп атап өтті ол.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *