2,5 мыңнан астам ақтөбелік «Күзгі жүгіруге» қатысты (ФОТО)

2,5 мыңнан астам ақтөбелік «Күзгі жүгіруге» қатысты (ФОТО)

Күннің суығына, көлік жүргізушілерінің қарсылығына қарамастан ақтөбеліктер жаппай 10 шақырым қашықтыққа жүгірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында үшінші жыл қатарынан жаппай жүгіру шарасы өткізіліп келеді. Мұнда кез келген ақтөбелік жас ерекшелігіне қарамай, барлығымен бірдей жүгіре алады. Әдеттегідей, бұл жолы да ақтөбеліктер белсенділік танытты. 2,5 мыңнан астам тұрғын жаппай жүгіруге қатысты.

Ақтөбеліктер таңғы сағат 8-9-дан бері күн суықта «Күзгі жүгірудің» ресми ашылуын күтіп тұрды. Ал шара сағат 10-ға таман басталды. Алдымен 5-6 жастағы балалар аз қашықтыққа жүгірді. Содан кейін Ақтөбенің нағыз спортсүйер қауымы 10 шақырымға жүгіру үшін сөре сызығына тұрды. Қала әкімі Ілияс Испанов аспанға оқ атқан соң, қаиысушылар жүгіре жөнелді.

Ең қызығы, барлығын алдыға жіберіп қойған қала әкімі 10 шақырымға жүгіріп, 35 жастан жоғары санат арасында 14-ші болып мәреге келді. Тіпті ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан медаль алды.

10 шақырымды кез келген адам бағындыра алмайды. Сөреде тұрғандардың жартысы ғана мәреге жетті. Арнайы спортшылар үшін қаладағы кейбір көшелер уақытша жабылды. Көлік жүргізушілері бір сағатқа жуық уақытқа кептелісте тұруға мәжбүр болды. «Тездетіңдер» деп бірқатар жүргізушілер айқайлап жатты.

Шара соңында мәреге алғашқы 15-ші болып келген тұрғындар медальдармен марапатталды. Ал алғашқы үштікке іліккен ақтөбеліктерге сертификаттар табысталды.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz 

Пікір қалдырыңыз