Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбе қаласында бір оқушының кесірінен 25 бала сабаққа қатыспауы мүмкін

Ақтөбе қаласында бір оқушының кесірінен 25 бала сабаққа қатыспауы мүмкін

Қаладағы мектептердің бірінде 2 класс оқушыларының ата-аналары шу шығарды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

№25 орта мектепте айқау-шу. Екінші кластын ата-аналары 8 жастағы бір баланың кесірінен өз балаларын сабаққа жібермей отыр. Айтуларынша, биылдан бастап балаларымен бірге оқитын Виталий есімді оқушы әдепсіз әрекетімен ерекшеленеді. Ол мұғалімді ұрған, сондай-ақ, былапыт сөздер айтады екен.

«Ол өзі де оқымайды, басқаларға да оқуға мүмкіндік бермейді. Сабақ ортасында бір орында отырмай, дәлізге жүгіріп шығады. Мұғалімді ұрады, былапыт сөздер айтады, түкіреді. Менің де балаларыма дөрекі сөйлеуді үйрете бастады. Анасының көзінше баланың бетіне дәптермен салып қалды. Мұғалімдерді менсінбейді», — дейді баласына алаңдаулы ата-ана Динара Молдағалиева.

Ал мектеп директоры Шолпан Баядилованың сөзінше, әдепсіз баланың ата-анасы ешқандай келіссөзге бармайды. Тіпті баласын басқа класқа көшіру туралы әңгімені естігісі де келмейді.

«Ол баланың да құқығы бар. Бүгін анасымен сөйлесіп көрдім. Бірақ ол мені тыңдағысы келмеді. Балалардың құқығын қорғау комитетінен мынадай нұсқама келді: сабақ барысында баланың қасында ата-анасы бірге отыруы тиіс», — деді ол.

 

Қазіргі таңда бір класта бір ғана бала сабақта отыр. Қалған 25 баланың ата-аналары мектеп сыртында наразылық акциясын жариялады. Айтуларынша, Виталий басқа класқа немесе басқа мектепке ауыспайынша, мектепке балаларын жібермейді.

Виталийдің анасы журналистерге сұхбат беруден бас тартты. Сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің басшысына хабарластық. Алайда, ол телефон тұтқасын көтермеді.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *