Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде Италия елшілігінің өкілдігін ашу жоспарланып отыр

Ақтөбеде Италия елшілігінің өкілдігін ашу жоспарланып отыр

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Aktobe Invest-2017» бесінші халықаралық форумына қатысу үшін өңірге келген Италияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянмен кездесті, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Мемлекет басшысының қойған басты міндеттерінің бірі — елде қолайлы инвестициялық жағдай жасау. Бұл үшін өңірде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден, шетелдік инвестициялардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Екіншіден, инвесторларға қажетті қолдау көрсетіліп, Қазақстанның заңнамаларында көзделген барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылады», — деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаев Бүкіләлемдік банктің мәліметінше, Ақтөбе облысы бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша аймақтар арасында екінші орында екенін еске салды. Ол артықшылығы жағынан сондай-ақ, кәсіпорындар мен өндірістерді құру үшін қажетті арзан энергия ресурстарын да атап өтті. Сонымен, ағымдағы жылдың тоғыз айында аймақ экономикасына шамамен 800 млн доллар инвестиция тартылған.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолы бойында орналасқан және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, 200 гектар аумақты алып жатқан «Ақтөбе» индустриялық аймағы арнайы құрылған. Бұл жоба инвесторларға бірқатар артықшылықтар береді», — деп атап өтті облыс әкімі.

Әңгіме барысында іскер қауым өкілдері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп, инновация, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Стефано Раваньян екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында Ақтөбе қаласында Италия елшілігі өкілдігін ашу мәселесі қарастырылып жатқанынан хабардар етті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша әңгімелесушілер бүгінгі кездесу өзара тиімді әріптестікті дамытуға айтарлықтай серпін беретініне сенім білдірді.

Мейрамбек Ермағамбет, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *