Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Назарбаев Сочиде жүргізілген келіссөздерге қорытынды жасады

Назарбаев Сочиде жүргізілген келіссөздерге қорытынды жасады

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстары аясындағы келіссөздерді қорытындылады.

«Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспары белгіленді. Елдеріміздегі цифрландыру мәселесіне қатысты перспективалы бағыттарды айқындадық. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында осы салада бірлесе жұмыс жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстанда цифрландыру мәселелері жөнінде кездесу өткізу жоспарланғанын айтты.

Фото: akorda.kz

Бұдан бөлек, елбасы германиялық бизнесмендермен өткен кездесудің нәтижелері туралы әңгімеледі. Онда Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын экономиканың түрлі салалары бойынша ілгерілету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен болған кездесудің маңыздылығына тоқталды.

«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде. Байқоңырға қатысты бағдарламаны бірлесе іске асыру жөнінде уағдаластық. Сонымен қатар, Өзбекстанға мұнай құбырын салу жоспарланып отыр. Сол үшін тиісті жұмыс атқарылуы керек»,– деді президент.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Еуразия көлік дәлізін дамытуға байланысты Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін одан әрі пайдалану мәселесі де талқыланғанын атап өтті.

NUR.KZ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *