Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбедегі мұнай жабдықтары зауытында жылы вагондар мен цистерналар жасалады

Ақтөбедегі мұнай жабдықтары зауытында жылы вагондар мен цистерналар жасалады

Ақтөбедегі мұнай жабдықтары зауытында қазіргі уақытта жұмысшыларға арналған вагондар мен жанар жағармай сақтауға қажетті цистерналар дайындалып жатыр. Зауыттағы жабдықтың бәрі Қытайдан әкелінген, деп хабарлайды Aktobenews.kz сайты.

Ақтөбеде өтіп жатқан «Aktobe Invest-2017» халықаралық инвестициялық форумына қатысушылар өңірдегі бірнеше зауытты аралады. Олар алдымен мұнай жабдықтарын шығаратын зауытқа барды. Биыл көктемде іске қосылған Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауытына қытайлық компания инвестиция салды.

Инвестиция көлемі – 16 миллион доллар. Барлығы 80 адам жұмыс істейді. Құрал-жабдықтың бәрі Қытайдан әкелінген соң шетелдік жұмысшының саны басым. Жергілікті еңбеккерлерді оқытып, құрал-жабдықтармен жұмыс істеу тетігін үйреткен соң қазақстандық жұмысшылар еңбек ететін болады.

Мұнда жылына 50 мың тонна құбыр дайындалады. Қазіргі кезде құбырдың бәрі Қытайдан тасымалданып жатыр. Зауытта құбыр өңделеді, қысымға шыдамдылығы тексеріледі. Бұл мұнай өндіріс арттыруға арналған құбырлар.

«Зауыттағы құрал-жабдықтың бәрі Қытайдан әкелінді. Қазіргі уақытта 2400 тонна құбыр шығарылды. Биыл 5 мың тонна өнім шығару жоспары бар. Тең жартысы орындалды. Өндіріс сәуір айында ғана іске қосылған болатын. Алдағы уақытта қуаттылығы артады. Жалпы жылына 10-20 мың тонна құбыр шығаруға мүмкіндік бар. Құбырлар Қызылорда, Ақтау, Атырау облыстарына жөнелтіліп жатыр. Әзірге Ақтөбедегі мұнай өндіру зауыттарынан тапсырыс түспеді. Сатып алушылары құбырдың сапасы мен бағасына риза. Ақтөбеде бәсекелестік жоғары. Дегенмен бізде шығарылатын кейбір өнімдерімізде айырмашылық бар», — деді Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауыты директорының орынбасары Данияр Лекеров.

Мұнай жабдықтарын шығаратын кешенде жанар-жағармай, газға қажетті цистерналар жасалады. Сонымен қатар, вахталық ауылдарға арналған заманауи вагондар дайындалады.

«Вагон көлемі мен дизайнын тапсырыс берушілер айтады. Жобалық-сметалық құжаты дайын болған соң келісіммен вагон дайындалады. Қазір бұрғылау компаниясы тапсырыс берді. Жанар жағармай сақтайтын цистерналарға қажетті шикізаттың басым бөлігі жергілікті жерде бар. Ал кейбір жабдықтары Қытайдан әкелінеді. Бұл цистернада жаңбыр мен аязға төзімділігі жоғары арнайы құрылғысы бар», — деді Данияр Лекеров.

1 пікір

  1. жұмысшының саны қай жақтікі басымдылығы онша алаңдатпайды, компанияда соңғы шешімді қай жақ қоятыны қызық болып тұр))

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *