Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде кәмелетке толмағандар сенім телефондары арқылы ата-аналарының үстінен шағым айта бастады

Ақтөбеде кәмелетке толмағандар сенім телефондары арқылы ата-аналарының үстінен шағым айта бастады

tvoemisto.tv

Ақтөбеде 376 адам сенім телефонының көмегіне жүгінген. Күйзеліске түскендерін айтып, көмек сұрағандардың әрбір екіншісі кәмелеттік жасқа толмаған балалар, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Біз қиын жағдайға тап болған ата-аналар мен балаларға психологиялық көмек көрсетеміз. Соғылған қоңырауларға қарап үш мәселені ашып көрсетуге болады: құрбы-құрдастарымен қатынас, ата-анасымен арадағы байланыстың қиындауы, өтпелі кезеңдегі қиындықтар. Бір ғана қоңыраумен мәселені шешіп тастауға болады деп ойлайтындар бар. Олай болу мүмкін емес. Біз олардың 4-5 рет қоңырау шалуы арқылы баланы бақылап, проблемадан өздігінен шығуға жол көрсетеміз. Орталықта 5 маман жұмыс жасайды. Өзіме хабарласқан адамға келесі кезекшілігімді айтып, ол адаммен байланыс үзбеуге тырысамын», — деді «No problеm» сенім телефонының кеңес берушісі Гүлнұр Советова.

Мамандардың айтуынша, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің талап қойғыш қасиетінен қиындықтар туындайды.

«Өтпелі кезеңде балаларда талап қою күшейеді. Қырсық мінездерімен ата-анасына «Мен мына затты аламын» деп түсінісе алмай жатады. Естіген құлаққа түрпідей естіледі, бірақ, жасөспірім үшін олар ең өзекті мәселе. Ол тек техника емес, қымбат киімдер болуы да мүмкін. Ондай балалардың ата-анасымен де байланыс орнатамыз. Мүмкін ол бала кезінен күйзеліске түскен болуы мүмкін. Сұрақ-жауап арқылы қандай кедергілердің болғанын ашуға тырысамыз», — дейді Гүлнұр Советова.

Ардан Сердалы, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *