Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбенің мұнайлы ауылында көмек сұраған әжейді әкімдік қызметкерлері қуып жіберді

Ақтөбенің мұнайлы ауылында көмек сұраған әжейді әкімдік қызметкерлері қуып жіберді

Ақтөбе облысы Кеңкияқ ауылының тұрғыны Мария Ильчигулованың жағдайы қиын. Зейнеткер 60 жастағы баласымен жарығы жоқ, қоқысқа айналған баспанада тұрып жатыр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Кейуана бұрынғы мұнайшы. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мекемесінде жұмыс істеген. Баспанасының жағдайын айтып барған кейуананың назына ауыл әкімі көңіл бөлер емес.

Жеуге тамақ таппай, су қайнатып отырған әжеге көмек қолын созуға бірінші болып ауыл белсендісі Ардақ Құбашева барды. Ауыл белсендісі қарияның жағдайына Кеңқияқ ауылының әкімі немқұрайлы қарап отырғанын айтып, дабыл қақты. Көмек сұрап барған кейуананы көргенде әкімшілік қызметкерлері тығылып қалған.

Мария Ильчигулованың үйі

«Апаның үйіндегі көріністі көріп менен ұйқы кетті. Адам тұру мүмкін емес жер. Бұл әже әкімшілікті көктем айынан бері жағалап жүр. Кеше тағы көрдім. Әже кіргенде әкімшіліктің қызметкерлері есіктерін тарс жауып алып, еден жуушыға : «Әлгі әжені «ертең кел» деп шығарып жіберші» дегенін естіп шошыдым. Олар кейуананың ауыратынын айтады. Қарияның жағдайына бей-жай қарай алмай, үйіне бардым. Қолында 60 жастағы жұмыссыз отырған баласы бар екен. Баспананы үй деп айтуға келмейді. «Әкімшіліктен біздің жағдайымызды сұрап ешкім келген емес» деп жылап отыр. Үйдегі көрініс адам төзгісіз», — дейді Ардақ Құбашева.

Ақтөбедегі мұнайлы ауыл саналатын Кеңқияқтағы қарияның жантүршігерлік жағдайы ескерусіз қалып отыр. Кейуанаға тек көршілері ғана азын-аулақ тамақ беріп көмектеседі.

Мария Ильчигулованың үйі

«Әженің ақыл-есі дұрыс. Әкімшіліктің сау адамды ауру қылып отырғандарынан көңілім қалды. Аяғын әрең басып жүрген қарияға неге еріктілерді апарып көмек көрсетпейді?  Соғыс жылдарында мынадай үй болмаған шығар. Қарттар күнінде неге осындай адамдың жағдайын білмеске? Олардың есіктерін жауып, қашып отырғаны ұят. Әженің жағдайын көріп қатты қиналдым. Кеңқияқ аулының әкімі Баубек Қабақбаев халыққа жағдай жасаған емес. Президентіміз елдегі өкілдерін халықтың жағдайын жасасын деп әкім қылған еді.  Ауылда жағдай қиын», — дейді Ардақ Құбашева.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *