Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ардақ Жұбанова, форум қонағы: Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» мәдениет ошағы біздер үшін құнды нысан

Ардақ Жұбанова, форум қонағы: Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» мәдениет ошағы біздер үшін құнды нысан

Ақтөбеге білім мен мәдениет, спорт саласында жүрген атақты адамдар келіп жатыр. Бүгін жазушы Рауль Мир-Хайдаров, көз дәрігері Мадина Құралова, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова келді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Рауль Мир-Хайдаров: Туған жердегі музейге қамқорлық жасап отырмын

Ақтөбеге келген Рауль Мир-Хайдаров Мәртөк ауданында туып-өскен, облыс орталығында білім алған. 76 жастағы жазушы қазіргі уақытта 50-ден астам кітап шығарған, Ресейде тұрады. Шығармашылығына жеке сайт ашып қойған. Кез келген адам кітапты тегін оқи алады. Ақтөбеге де жиі келіп тұрамын.

«Мен ешқашан бизнеспен айналысқан емеспін. Бірақ туған жерге көмектесуден қашқан емеспін. Мәртөк ауданында салынған алғашқы мешіт құрылысына ең көп қаржыны мен бердім. Екі қымбат кілемді сыйладым. Өкініштісі, екеуі де сақталмаған. 90 жылдары мектептерге көмектесіп, теледидар, бейнекамера сатып алып бердім. Мәртөк ауданында мемлекеттік музей бар. Өз қаржымды аударып отырамын, өз музейіме жағдай жасаймын. Балалар музейде қосымша білім алады», — деді жазушы Рауль Мир-Хайдаров.

Ол тәрбие, білім берген Ақтөбе өңіріне алғыс айтты. Кездесу кезінде жазушы Ақтөбеден шыққан тұңғыш спорт шебері, боксшы Қайрат Нұрғазиннің атын еске алып, турнир өткізуге ұсыныс берді.

Ардақ Жұбанова: Жастарға шеберлік сабақтарын өткізуге дайынбыз

Ақтөбеде өтетін жерлестер форумына Жұбановтар әулетінің ұрпақтары да келді. Олар кәсіпкер Қайрат Мәйтеков салған «Жұбановтар әлемі» орталығын көріп, өз алғысын білдірді. Алдағы уақытта ағайынды Жұбановтардың ұрпақтары Ақтөбеге келіп, шеберлік сабақтарын өткізеді.

«Ғалым, лингвист Құдайберген Жұбанов, композитор Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанованың өмірі мен өнерін дәріптеуге арналған «Жұбановтар әлемі» мәдениет ошағы біздер үшін құнды нысан. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатыр. Біз Алматы, Астана қалаларында тұрғанымызбен жастарды шақырып, өнер, ғылым жолындағы тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Жұбановтар әулеті кез келген көмекті беруге дайын. Бәріміз педагогпыз. Алдағы уақытта шеберлік сабақтарын өткізуге атсалысамыз»,- деді Ардақ Жұбанова.


Мадина Құралова: Адам жасы ұлғайған кезде туған жеріне көмектесуге бейім болады

Ресейде оқып, Мәскеуде жұмыс істеген көз дәрігері Мадина Құралова 2011 жылдан бері Алға ауданында тегін ота жасап жүр. Елдің еңсесі түзелгенін, шағын ауылда тойдың жиі болатынын қуана жеткізген дәрігер форумның үлкен іс екенін баса айтты.

«Әлемнің әр түкпірінде жүрген гауһарларды жинау үлкен жұмыс. Мен Ақтөбе облысы Алға ауданының кішкентай ауылында туып, өсіп, білім алдым. Кейін Мәскеуде жоғары оқу орнын тәмамдап, 10 жыл орталықта тұрып, еңбек еттім. Өз тәжірибемді Қазақстанда іске асыруға шешім қабылдап, көз түрлі ота жасап жүрмін. Қазір көп адамда көз ауруы кездеседі. Жаһандану кезінде 2-3 жастағы балалар да көз ауруына шалдыққан. Сондықтан осы саланы дамыту біздің міндетіміз. Жас кезде өзімізге алып, игергіміз келеді, ал жасымыз ұлғайған кезде туған жеріне көмектесуге бейім тұрамыз», — деді Мадина Құралова.

Мейрамбек Ермағамбет, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *